Теңіз кен орны 170 млрд доллар инвестиция тартуға себеп болды — мұнай сарапшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Теңіз кен орнын игеруге ірі мұнай компанияларын тарту дұрыс шешім болды. Мұндай пікірді Aimaq подкастында мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов білдірді.
— 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі жылына 1 миллион тонна шамасында болды. 1993 жылдан бастап өндіріс көлемі артып, өткен жылы 39 миллион тоннаға жетті. Қазақстан бойынша да айтарлықтай өсім бар. 1993 жылы жылдық мұнай өндіру көлемі, қателеспесем, 22 миллион тонна болса, өткен жылы 99 миллион тоннаға жетті, яғни, 100 миллион тоннаға жуықтады. Өндіріс көлемі шамамен бес есе өсті. Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі 40 есеге артты. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, бұл жоба шамамен 170 миллиард доллар инвестиция тартуға себеп болды, — деді ол.
Сарапшы Қазақстан ірі инвесторларды тарту арқылы экономиканың дамуына негіз қалағанын айтады.
— Әлі күнге дейін мұнай мен газ бюджет кірісінің шамамен 40 пайызын құрайды, қателеспесем. Ал мұнай мен газды бірге есептегенде, экспорттың шамамен 60 пайызына тиесілі. Пайдалы қазбаларды қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 20–30 пайызды құрауы мүмкін. Демек, елге түсетін қомақты қаражаттың едәуір бөлігі мұнай-газ саласынан келеді. Егер сол кезде инвесторлар келмей, біз біраз уақыт күткен болсақ, даму қарқынын жоғалтуымыз мүмкін еді. Себебі өздеріңіз білетіндей, 1990-жылдары Қазақстанда үлкен экономикалық дағдарыс болды. Жалпы, дағдарыс Азиядан басталды. Оның Қазақстанға да әсері қатты тиді, — деді Абзал Нарымбетов.
Ол инвесторлардың келгені де, ірі компаниялардың мұнай игеруге жұмылдырылғаны да дұрыс деп есептейді.
— Себебі, әлемде Теңіз сияқты күрделі кен орындарын игере алатын компаниялар көп емес. Теңіз кен орнындағы күкірттің мөлшері өте жоғары. Оның қысымы да, температурасы да жоғары, әрі кен орны тереңде орналасқан. Бұған қоса, басқа да күрделі факторлар бар. Меніңше, әлемде осындай күрделі кен орындарын игере алатын компаниялар саны саусақпен санарлық. Мұндай жағдайда қажетті технологиясы бар, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын компаниялар көп болған жоқ. Сол кезде де «Шеврон» әлемдегі жетекші бес компанияның қатарында болса, қазір әлемдегі үшінші ірі компаниялардың бірі. Бұл рейтингте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Нарықтық көрсеткіштер бойынша бірінші орында Сауд Арабиясының компаниясы, екінші орында Exxon, үшінші орында «Шеврон» тұр. Сондықтан жүз жылдан астам тәжірибесі бар осындай компанияларды тарту дұрыс шешім болды деп ойлаймын, — деді ол.
Айта кетейік, еліміз мұнай кен орындарына жаңа технологиялар енгізуді жоспарлап отыр.