Теңіз кен орнында вахтадағы қызметкерлер төрт дауыс беру пунктінде таңдауларын жасап жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Теңіз кен орнында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін дауыс беру ұйымдастырылды.

Теңіз кен орнында вахтадағы қызметкерлер төрт дауыс беру пунктінде таңдауларын жасап жатыр
Фото: «Теңізшевройл» компаниясынан

«Теңізшевройл» ЖШС Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссиясымен бірлесіп, кен орнында дауыс беруге қажетті жағдай жасаған. Сайлау учаскелерінің мүшелері Теңізге арнайы барып, кен орны аумағында төрт дауыс беру пунктін ұйымдастырды.

Вахтада жүрген және сайлауға қатысуға ниет білдірген қызметкерлер белгіленген пункттерде дауыс бере алды. Олар үшін дауыс беру орындарына дейін арнайы көлік қарастырылды. Ал кен орнында жұмыс істейтін ұйымдар қызметкерлерінің бекітілген кесте бойынша уақытылы жетуін қамтамасыз етті.

 Теңіз кен орнында вахтадағы қызметкерлер төрт дауыс беру пунктінде таңдауларын жасап жатыр
Фото: «Теңізшевройл» компаниясынан

ТШО қызметкері Мәди Қуанышев жұмыс кестесін өзгертпей-ақ сайлауға қатысу мүмкіндігі жасалғанын атап өтті.

— Сайлау күні мен вахтада болдым. Сондықтан Теңізде дауыс беру мүмкіндігінің болғаны мен үшін маңызды. Бізге дауыс беру уақыты, орны және көлік тәртібі туралы алдын ала хабарланды. Барлығы түсінікті әрі ыңғайлы ұйымдастырылды, — деді ол.

Тағы бір қызметкер Нұрсұлтан Қуаныш дауыс беру пункттері мен автобустардың жүру кестесі туралы ақпараттың алдын ала берілгенін айтты.

Теңіз кен орнында вахтадағы қызметкерлер төрт дауыс беру пунктінде таңдауларын жасап жатыр
Фото: «Теңізшевройл» компаниясынан

— Бізге бекітілген дауыс беру пункті мен автобустардың жүру кестесі туралы ақпарат алдын ала берілді. Соның арқасында жұмыс процесіне кедергі келтірмей, уақытымды жоспарлап, таңдау жасадым, — деді ол.

«Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, дауыс беру процесі өндірістік қауіпсіздік талаптары мен жұмыс кестесін ескере отырып ұйымдастырылды.

Еске салайық, Атырау облысында сайлау күні мүгедектігі бар азаматтарға 145 инватакси қызмет көрсетеді.