Теңіздің қызыл түске боялуы қауіпті болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар теңіздің қызыл түске боялуы ондағы тіршілік пен адамдарға қауіпті болуы мүмкін дейді. Себебі балдырлардың тым көп гүлдеуі судағы оттегінің мөлшерін азайтады екен. Биология ғылымдарының кандидаты Филипп Сапожников «Наука и жизнь» журналында жариялаған мақаласында осылай деп дабыл қақты.

Теңіздің қызыл түске боялуы қауіпті болуы мүмкін
Фото: Маңғыстау облысы экология департаменті

– Гүлденген балдырлар жағаға жетсе, олар құрлықтан теңізге түсетін түрлі биогенді заттармен қосылады. Мұндай жерде балдырлар тіпті тезірек көбейіп, бір литр суда миллиондаған жасушаға жетуі мүмкін. Нәтижесінде олардың тығыздығы артып, теңізге түсетін күн сәулесін жауып тастайды. Бұл жағдай фотосинтездің баяулауына әкеліп, судағы оттегі тапшылығын тудырады. Ал ол теңіздегі басқа тіршілікке әсер етеді. Кейбір организмдер қашып үлгеруі мүмкін. Қалғандары жаппай қырылады. Олардың өлекселерін бактериялар ыдыратады. Бұл процеске де оттегі қажет болғандықтан, оның концентрациясы одан әрі төмендейді. Уақыт өте келе бұл аймақ оттегі жетіспеушілігіне ұшырап, теңіз түбіндегі су жануарлары да өлуі мүмкін, - делінген мақалада.

АҚШ-тың ұлттық мұхит және атмосфера басқармасының мәліметіне сенсек, микробалдырлар уытты заттар да бөле алады

Себебі олардың жасушалары шоғырланған кезде Karenia brevis сынды көптеген токсин өндіре бастайды. Олар жүйке жасушаларының мембраналарындағы натрий каналдарына әсер етеді. Әсіресе омыртқалы жануарлар үшін өте қауіпті көрінеді. Мәселен, 2017 жылдың қазан айынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін созылған Флорида жағалауындағы қызыл тасқын салдарынан көптеген теңіз жануарлары қырылып қалған еді

Балдырлардың гүлденуі Каспий теңізіне қалай әсер етеді?

Мұндай құбылыстар біздің елімізде де кездеседі. Жақында ғана ел тұрғындары Каспий теңізінің қызыл түске боялуына алаңдаушылық танытып отырғанын жазған едік.  Алайда қазақстандық ғалымдар бұл жағдайдың судағы экожүйеге ешқандай қауіп төндірмейтінін айтады. 

– Каспий теңізі жағдайында мұндай үлкен экологиялық зардабы болуы екіталай. Себебі, судың «гүлдену» аумағы белгілі бір бөлікті ғана құрайды, ал теңіз көлемі орасан. «Гүлдену» болған жағдайда активті тіршілік етіп, қозғалатын гидробионттар «гүлдену» аймағынан басқа таза аймаққа жүзіп кетеді. Уақыт өте «гүлдену» ошағы қайта қалпына келіп, тіршілік жалғасады. Балдырлардың маусымдық гүлденуі аяқталғаннан кейін олардың өлуі яғни, детритке «айналуы» басталады. Детритке айналған балдырдар суды қосымша минералды құнарландырып, балықтардың шабақтары, сүзгіштер мен шаян тәрізділердің қорегіне айналады, - дейді балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары.

Ал Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары бұл жағдай жылда қайталанатынын айтады.

– Бұл - табиғи құбылыс. Мұндай жағдай бізде жыл сайын, қар жауған кезде қайталанып тұрады. Балдырлар теңіз жағасындағы таяз жерлерге ғана жайылған. Онда су жануарлары мекендемейді. Сондықтан теңіздегі тіршілікке ешқандай қауіп жоқ. Оған қоса балдырлардың қандай да бір токсинді заттар бөлуі анықталған жоқ, - дейді Ержан Жұмашев.

 

Соңғы жаңалықтар