Теңізге ұласқан тамшы: Қарағандыда «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Ауқымды ағартушылық жоба қарағандылық көрерменді деректі киноның тағылымды әлеміне жетелеп, ел игілігіне үнсіз де елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың өмір жолы мен азаматтық ұстанымын таныстырды.
Бұл — бір тамшыдан теңіз түзелетінін, бір адамның тағдырынан тұтас елдің тыныс-тіршілігі танылатынын, ал ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұраны келер күннің еншісіне аманат ету әр буынның парызы екенін ұғындыратын сырлы хикаялар.
Қарағандыдағы көрерменнің көңіл төрінен орын алған туындылардың бірі — «Тамшы» деректі фильмі. Картина өз бастамасымен Каспий теңізін және оның айдынды мекені болған каспий итбалығын қорғауға атсалысып жүрген экологиялық волонтерлердің еңбегін арқау етеді.
Фильм атауындағы «тамшы» ұғымының да астарында терең мән бар. Жеке тұрған бір тамшы көзге елеусіз көрінгенімен, мың тамшы тоғысып, телегей теңізге айналады. Адамның қоғам мен табиғат алдындағы әрбір ісі де сондай. Бір қарағанда шағын көрінгенімен, жауапкершілік пен шынайы жанашырлықтан бастау алған игі қадам уақыт өте келе үлкен өзгеріске ұласуы мүмкін.
— Деректі кино арқылы табиғи ресурстарды сақтау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету, еліміздің тұрақты дамуы секілді аса маңызды мәселелер көтеріледі. Шығармашылық топтың атқарып отырған бұл жұмысы ауқымды әрі айрықша маңызды деп ойлаймын, — деді Қарағанды облысы әкімінің аппараты ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
«Тамшы» фильмі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында түсірілген. Туындының негізгі өзегі азаматтық жауапкершілік, табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның белсенді атсалысуы секілді құндылықтармен сабақтасып жатыр.
— Бұл апта — өңіріміздегі деректі киноға қызығушылық танытатын көрермен үшін маңызды оқиға. Бүгінде су ресурстарын сақтау мәселесі бүкіл әлем үшін айрықша мәнге ие. Әсіресе Орталық Азияда жерүсті және тұщы су қорларының азаю қаупі жоғары. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Мемлекет басшысы өз ой-тұжырымдарын «Әділетті қоғамға — шыншыл сөз» кітабында да, халықаралық форумдар мен саммиттерде де ортаға салды. Фильм авторлары волонтерлердің тағдыры мен еңбегін арқау ете отырып, өңірлік шеңберден әлдеқайда ауқымды, бүкіл адамзатқа ортақ экологиялық мәселені көтеріп отыр, — деді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.
Каспий жағалауынан шалғайда жатқан Қарағанды үшін бұл хикаяның мәні де айрықша. Өйткені табиғаттың тағдыры өңір шекарасымен шектелмейді. Бір аймақтағы экологиялық ахуалдың өзгерісі тұтас табиғи жүйеге әсер етсе, табиғи мұраны сақтау жауапкершілігі — елдің әр азаматына ортақ.
— Өзім Ақтауда дүниеге келгенмін. Сондықтан Каспий теңізінің мәселесі мен үшін етене жақын, теңіздің қалай өзгергенін көзіммен көріп өстім. Осындай деректі фильмдер арқылы қордаланған мәселенің көпшілік назарына ұсынылуы өте маңызды. Ал оны шешуге бағытталған нақты шаралардың мемлекеттік деңгейде қолға алынуы үлкен үміт береді. Фильмде сөз болатын каспий итбалығының популяциясы жақын арада қайта қалпына келе бастайды деп сенемін. Жануарлар мен құстардың да теңізге қайта оралғанын көргім келеді. Каспийдің табиғаты қайта түлеп, тіршілігі қайта жанданатын күнге жетсек екен, — деді кино көрсетілімін тамашалаған Қарағанды тұрғыны Аяжан Қоблан.
Көрермен назарына «ARAL» деректі фильм-портреті де ұсынылды. Туынды Арал теңізіндегі балық шаруашылығына ғұмырын арнаған Құнтуған Тұрғынбаевтың өмір жолы арқылы бір адамның тағдырын тұтас өңірдің өткенімен және бүгінгі тынысымен сабақтастырады.
Кино-лекторий бағдарламасындағы тағы бір туынды — «Құлалы аралынан шыққан адам» фильмі. Картина Каспий теңізіндегі шалғай Құлалы аралында орналасқан гидрометеорологиялық станцияда 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен Петр Иванович Лупенковтің тағдырына арналған.
Бұл — табиғаты қатал, өркениеттен жырақ, оқшау ортада ғұмырының елеулі бөлігін еңбекке арнаған адамның өмір хикаясы. Фильм кейіпкерінің тағдыры арқылы кәсіби біліктілікпен қатар төзім мен табандылықты, жауапкершілік пен өз ісіне деген адалдықты талап ететін мамандық иелерінің болмысы ашылады.
— Деректі фильмдеріміздің кейіпкерлерін күнделікті тіршіліктің арасынан — сапарлар мен түсірілімдер кезінде кездестіреміз. Өз ісіне бар болмысымен берілген адамды бірден аңғаруға болады. Өйткені жүрегін кәсібіне арнаған жанның жанарынан ерекше бір жылылық пен жігер сезіледі. Мемлекет басшысы волонтерлерді шынайы патриоттар, қоғамның тірегі әрі жасампаз өзгерістердің қозғаушы күші деп бағалайды, — деді Президенттің Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмұхамбетова.
Қарағандыдағы кино-лекторий бағдарламасы Қазақстанның ең танымал ұлттық нышандарының бірі — апорт алмасына арналған «Апорт» фильмімен түйінделді. Картинада апорттың тарихы ауыл шаруашылығы шеңберінде ғана қарастырылмайды. Ол — ұлттың тарихи жады, мәдениеті мен табиғи байлығының бір бөлшегі, ұрпақ санасында сақталған ұлттық мұра. Бүгінде осы асыл мұраны сақтап, қайта жаңғыртып, күнделікті өмірге қайта әкелуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, ТРК-ның 30 жылдығына арналған «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі Астанада басталған болатын. Танымдық жоба Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Петропавл, Павлодар және Жезқазған қалаларында жалғасын тапты.
Алдағы күндері деректі фильмдердің көрсетілімі Көкшетау мен Қостанайда өтеді. Одан кейін шығармашылық топ Талдықорған мен Қонаев қалаларына аттанады.
Ауқымды республикалық жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.