«ТеңізШевройл» 246 қызылордалықты жұмыстан неге қысқартты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылардың жұмыстан босатылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізді.

«ТеңізШевройл» 246 қызылордалықты жұмыстан неге қысқартты
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері 43 кәсіпорында 515 адам жұмыстан босатылған. Оның ішінде жергілікті 17 мекеменің 269 жұмысшысы бар. Қалған 246-сы Атыраудағы «ТеңізШевройл» компаниясының еншілес компанияларынан. 

— «ТеңізШевройл» жүргізген құрылыс жұмысы аяқталған. Осынша адам сондықтан босап қалды. Біз оларға бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Оған болмаса, қоғамдық жұмысқа келісетіндер бар. Біздің базаға қанша адам жұмыстан қысқарғаны туралы мәлімет түседі. Бірақ соның көбі компанияға еншілес кәсіпорындарда басқа жұмысқа қалады, — деді басқарма басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.

Жұмыстан босатылғандардың 76,9%-ы немесе 396-сы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Осы жұмыстың нәтижесінде аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға төмендеді. Басқарма өкілі мұны республикалық көрсеткішпен бірдей деп отыр. Сондай-ақ биылға жоспарланған жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштер толығымен орындалатынына сендірді. 

Бұған дейін біз Алматыда мүгедектігі бар 1 620 адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқанын жаздық. 

Соңғы жаңалықтар