Тері мен жүнді өңдеу саласында субсидиялар енгізілмек

несие
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ел өңірлерінде мал терісі мен жүнін дайындайтын орталықтар құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

«Теріні өңдеудегі проблема шикізаттың төмен сапасына қатысты. Терінің жылдық өндіріс көлемі 3,5 млн болса, оның шамамен 600 мыңы қайта өңдеуге және экспортқа жіберіледі. Малдың көп бөлігін сою кезінде терілері бүлініп, былғары кәсіпорындарының талаптарына сәйкес келмейді. Нәтижесінде, 2023 жылы өндірілген терінің 15 пайызы қайта өңдеуге және экспорттауға жұмсалды», - деді А. Сапаров.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін терілер мен жүннің сапасы маңызды емес өндірістерді дамыту керек. Мәселен, желатин мен жем-шөп қоспаларын өндіру немесе құрылысқа арналған жылу ұстайтын материалдар жасауға назар аудару қажет.

«Кешенді жоспарда жүн мен теріні өңдеуді дамытуға ерекше орын бөлінген. Осы жерде айта кететін жайт, бұл саланы дамыту функциясы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен 2022 жылдың аяғынан бастап қана Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген.
Сондықтан 2023 жылдан бастап Инвестициялық субсидиялау ережесінде жүн және тері өндіру мен өңдеу жобасын іске асыру құнының 25 пайызын өтеу көзделген. Тері өңдеу бойынша Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жалпы қуаты 6,8 мың тонна азықтық қоспаларды өндіретін 2 жоба іске асырылды. Бұл – қуаттылығы 4,8 мың тонна СК «Протеин» және қуаттылығы 2 мың тонналық «Бату Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі кезде Алматы қаласында қуаты жылына 7 мың тонна болатын желатин өндіретін «Iskefe Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы пысықталып жатыр», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, отандық өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру үшін тері мен жүнді өңдеуге тапсырған кезде, фермерлерді субсидиялау жоспарланған. Өнеркәсіптік көлемді қалыптастыру мақсатында елдің барлық өңірінде мал терісі мен жүнін дайындайтын орталықтарды құру ескерілген.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев тері мен жүнді өңдеудің қолданыстағы технологиялары ескіргенін, шикізатты дайындау, тасымалдау және сақтаудың жүйесі жоқ екенін айтты.

«Соның салдарынан былтыр жалпы өндірілген 42 мың тонна жүннің 34 мың тоннасы немесе 81 пайызы өңделмей, өртенген немесе қоқысқа тасталған. Мал терісі бойынша жағдай осылай, яғни ірі қараның 3,5 млн терісінің 208 мыңы немесе 6 пайызы ғана өңделсе, қалғаны қоқыста жатыр», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар