Теріден торсық, сүйектен кәдесый жасайды: ШҚО тұрғыны қолөнердің төрт бағытын қатар алып жүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында қолөнердің төрт бағытын қатар алып жүрген шебер тұрады. Түрлі фестиваль мен көрмелерге үнемі шақырылатын Нұржан Есхожин әсіресе астан қалған сүйектерден кәдесыйлар жасап, өңір тұрғындарын таңғалдырып келеді.
Мұндай қабілет оған ата-анасынан дарыған. Kazinform тілшісі Нұржан Есхожинді әңгімеге тартып көрді.
– Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...
– Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылының тумасымын. Қазір Глубокое ауданында Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Қолөнердің төрт бағыты бойынша жұмыс істеймін. Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесімін. Өзім айтқан төрт бағыттың бірі – дәстүрлі тері илеу. Одан кейін темір ұсталығы, ағаш ұсталығы және астан қалған сүйектерден түрлі кәдесый жасау.
– Бастаған ісіңізді аяқтау үшін шабыт керек пе, әлде бәрі машықпен байланысты ма?
– Әр жұмыс өзінше бір шығармашылық идеядан туындайды. Әрбірінің философиялық мән-мағынасы бар. Бабаларымыздан жалғасып келе жатқан осындай өнерімізді өскелең ұрпаққа таныстыруды маңызды деп санаймын. Олардың адам өміріндегі қажеттіліктері мен алар орнын қызықты етіп жеткізген абзал. Соның бірі – торсық тігу. Оның дайындалу жолдары, оны тұрмыста қалай, қандай мақсатта қолданды деген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беруіміз керек. Бұл да бір шағын зерттеуді қажет етеді. Жанымда жүрген жора-жолдастарыма, шәкірттеріме әлі де таныстырып келемін. Торсықтың қазақ тұрмысында алар орны зор.
– Торсықтың дайындалу жолын айтып кетсеңіз...
– Малдың терісі болған соң оған түрлі вирус-бактерия түседі. Сол үшін алдымен жібітіп аламыз. Сосын түтінге ыстап, залалсыздандырамыз. Кейін оны осы торсықтың үлгісінде алып, арнайы тарамыспен тігеміз. Тарамыс деген – ол малдың сіңірінен жасалған ұсақ талшықтар. Былайша айтқанда, жіп секілді шиыршықталған сіңір.
– Осыларды көпшілікке жеткізу үшін көрмелерге де жиі қатысасыз ғой?
– Иә. Шеберлік сағатын өткізіп, өткен-кеткен адамға бәрін тәжірибе жүзінде көрсетемін. Ұлым да торсық жасауды біледі. Қамшы өрудің бірнеше түрін үйреніп алды. Қазақта тері өңдеудің кең тараған екі түрі бар. Оның бірі – сүтке иленген ақ қайыс, екіншісі – шикі тері арқылы әзірленеді. Оны ұрмалы аспаптарға қолданамыз. Көбінде, ешкі, ірі қара, жылқы терісі кәдеге жаратылады. Қазір соларды жиі пайдаланып жүрмін.
– Сүйектерден кәдесыйлар жасаймын деп те айттыңыз. Бұл бағыт қиын емес пе?
– Астан қалған сүйектерден тәп-тәуір дүниелер шығаруға болады. Біздің аталарымыз ысырапшыл болмаған. Сойылған малдың жүні, еті болсын азығына және қажеттілігіне қарай күнделікті өмірде қолданылды. Мәселен, сүйекті алайық. Оның өмірімізде алар орны ерекше. Бабаларымыз бен зергерлер қыз-келіншектерге арнап, әшекей бұйымдар жасаған. Сонымен қатар түйме, ине, тұрмысқа қажет құралдар, қасық, тарақ, тіпті пышақ та әзірлеген. Одан бөлек, сандық беттерін, кебеже, ер-тоқымды да осы сүйекпен, ою-өрнекпен көмкерген екен. Сүйектен кәдесыйлар жасау қазір ұмытылып, жойылып бара жатыр деуге болады. Осының бәрін біртіндеп шәкірттеріме үйретіп келемін.
– Темір ұсталығы дегенде қару, түрлі құрал-сайман дайындайсыз ба?
– Қазақ батырлары асынған бес қарудың бірін – қайқы қылышты жасадым. Өзім мектепте мұғалім болған соң бос уақытым болғанда ғана қолға алып жүрдім. Сол үшін қанша уақыт кеткенін есептемедім. Дегенмен біршама ізденіс пен шабытты қажет етеді. Мұны темір ұсталығымның бір қыры деуге болады. Жалпы, адам әр жұмысқа шабытпен келеді ғой. Бір дүниемен таңнан кешке дейін отыру мүмкін емес. Жеке жұмыстар шығып қалады, күнделікті тіршіліктің қам-қарекеті деген бар. Бірақ қанша қарбалас болса да, шығармашылыққа уақыт табуға тырысамыз.
– Мұндай қабілет кімнен дарыды деп ойлайсыз?
– Ата-анамнан деп айта аламын. Әкем Тарбағатайдың Тұғыл деген ауылынан. Өнердің өзі әкенің қанымен, ананың сүтімен беріледі дейді ғой. Жалпы, әкем де, шешем де өнерлі, зиялы адамдар болды. Әкем педагог, қазақ КСР-нің еңбек сіңірген озық қызметкері атанған. Шешем совхозда есепші болып жұмыс істеді. Бірақ бос уақытында тігіншілікпен айналысатын.
– Тарбағатай төңірегі бұрыннан аң-құсқа бай. Өзіңіз де кішкентайыңыздан табиғат тағыларын көп көрген шығарсыз?
– Иә. Мен бала күнімнен аңкөс едім. Ұстап әкелген аңдарды терісін сыпырған соң шешеме апарып беретінмін. Ол кісі соны илеп, екі қарындасыма тымақ тігеді. Ал әкем білім саласынан бөлек, суретті де шебер салатын, әрі тарих пәнінің мұғалімі. Қаншама затты өзі зерттеп, зерделеп, кейін Жетіаралда Өлкетану мұражайын да ашты.
– Өзіңіз әке жолын жалғап, әлі де ұсталықты дамытуға ниетті сияқтысыз?
– Әрине. Шәкірттеріме оны күштеп емес, қызықтырып үйретуге тырысамын. Төрт бағытты қатар алып жүрсек те, жұмысымыздың әділ бағасын берер – халық.
Еске салсақ, бұған дейін әке жолын жалғаған шығысқазақстандық орманшы туралы жазғанбыз.