Теректі ауданында аудандық аурухананы күрделі жөндеу көзделуде - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі ауданында биыл аудандық аурухананы күрделі жөндеу көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жобалық-сметалық құны 490 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары алдағы көктемде басталмақшы. Аурухана директоры Мадияр Өтешевтің сөзіне қарағанда, ғимарат 1985 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген.
Жалпы, ауданда алты елді мекенде жаңадан денсаулық сақтау нысандарын салу қажет. 20 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. 2017 жылы 14 нысанды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалмақшы. Аудан орталығы Федоровта бейімделген ғимаратта орналасқан емхана да жаңадан тұрғызуды қажет етеді.
Сол секілді ауданда барлығы 52 елдің мекеннің тек 32-сі ғана газдандырылған. 16 елді мекенге газ құбырын тарту үшін қазіргі кезде 18 млн. теңгеге техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда.
Өткен жылдан бері 4 елді мекенде 463,4 млн. теңгеге электр желілері тартылуда. Бұл жұмыс біткен кезде 1329 ауыл тұрғынына жеке үй салу үшін жер телімдері беріледі.
Теректіде әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, аудан әкімі Мұрат Мұқаевтың тұрғындармен есептік кездесуіне қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов Елбасы тапсырмасына сәйкес халықтың әл-аухатын арттыруды үнемі назарда ұстап, әлеуметтік сала мәселелерін уақытында шешу қажеттігін атап көрсетті. Мысалы, облыста ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту өткір тұр. 440-тан астам елді мекендердің тек 36 пайызы ауыз сумен қамтылған. Осыған орай 2017-2018 жылдары 50 ауылды орталықтандырылған су көзіне қосу үшін 11 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде Теректі ауданынан Ақжайық, Аңқаты, Ақсуат, Новопавлов және Сарыөмір ауылдары бар. Сол секілді өңірде автожолдардың 26 пайызы ғана қатқыл табанды болып есептеледі. Өткен жылы ел қазынасынан 16,5 млрд. теңге қаралып, 250 км жол ретке келтірілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Сондай-ақ елді мекендерді газдандыру мәселесі үнемі назарда болуы тиіс.
Осыларды қаперлеген облыс басшысы аудан әкімі Мұрат Мұқаевқа нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Теректі ауданында 37922 адам тұрады. 2016 жылғы аудан бюджеті 6 млрд. 740,9 млн. теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 36,5 пайызға өсті. Салық түсімдері есебінен жергілікті бюджетке 1 млрд. 096,1 млн. теңге түсті, бұл - жылдық болжамның 115 пайызы. Бюджет шығындарының негізгі бөлігі немесе 4 млрд. 716,9 млн. теңге әлеуметтік салаға, ал 666,8 млн. теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жұмсалды. Өткен жылы 4 млрд. 227,4 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді.