Теректі ауданында кәсіпкерлікті дамыту бағытында 22 адам 113,9 млн теңге несие алды - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-бағыты (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша Теректі ауданында 22 адам 113,9 млн теңге несие алды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Кәрім Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, соның ішінде 13 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 75,9 млн теңге, 9 адам «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 38,0 млн теңге несиеге қол жеткізді.
Нәтижелі жұмыспен қамтудың «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша кәсіптік оқуға 240 адам жолданып, жоспар толықтай орындалды.
Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына 2331 адам жолықты. 162 адам жұмыссыздар санатында есепте тұр. Бұл өткен жылғыдан 22 пайызға көп. Ресми жұмыссыздық деңгейі - 1,0 пайыз, бұл өткен жылғыдан 0,3 тармаққа жоғары.
Тұрмысы кедейлік шегінен төмен адамдар саны - 119 (29 отбасы), бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда, 13,2 пайызға жоғары.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 128 жас маманға 197 837,4 мың теңге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
Сол секілді «Өрлеу» бағдарламасы аясында 14 ауылдық округтен 43 отбасы, оның ішінде 223 адамға 10 млн 944,8 мың теңге көлемінде шартты түрде ақшалай көмек тағайындалып, 8 млн 421,1 мың төленді.
Мұның бәрі Елбасы тапсырмасына сәйкес жұмыссыздықты барынша төмендету, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында жасалуда.
Айта кетейік, Теректі ауданының бюджеті - 7943,3 млн. теңге, соның ішінде ауданның өз кірісі - 1155,4 млн теңге. Салық түсімдері бойынша тоғыз айдағы жоспар 140,9 пайызға орындалып, 960,8 млн теңге болды.
Тоғыз айда 1113,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылғымен салыстырғанда, 104,2 пайыз. Аудандағы негізгі кәсіпорындар - «B.N GasOil Processing» ЖШС (өндіретіні - ауыр дистиллянттық сұйық отын, газойлдық фракция, қайта айдау қалдықтары), «Жайықгидрогеология» ЖШС (алкогольсыз сусындар), «Теректі май комбинаты» ЖШС (тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майы).
Алдағы уақытта бір инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл - мұнай өнімдерін қайта өңдеу зауыты құрылысы («ABS-мұнай» ЖШС). Осы жоба ойдағыдай жүзеге асса, 200-ден астам жұмыс орны ашылып, мұнай өнімдерін шығару жылына 0,8-1 млн тоннаға жетпекші.
Ауданға негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 3 млрд 083,1 млн теңгеге жетті.
Тұрғын үй құрылысына 1 млрд 089,3 млн теңге инвестиция салынып, өткен жылғыдан 6,4 есеге өсіп отыр. Сол сияқты ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 14,4 есеге артты.