Тереңдігі 50 метр шатқалға құлап кеткен автобустың 18 жолаушысы ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Перу астанасы Лимадан солтүстікке қарай ірі апат орын алды, жолаушылар мінген автобус шатқалға құлап кетіп, салдарынан 18 адам ажал құшты, деп хабарлайды перулік RPP радиостансасы. Бұдан басқа, жеті адам жараланған.
Қайғылы оқиға Кахатамбо қаласының маңында болған. Түн ішінде қатты нөсерден кейін тайғақтанған жолмен келе жатқан автобустың жүргізушісі рөлді басқара алмай қалған. Салдарынан көлік тереңдігі 50 метр шатқалға құлап кеткен. Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілген. Ал қаза тапқандардың денелерін алып шығу жұмыстары біраз уақытқа созылған.