Тереза Мэй: Қазір Шотландияның тәуелсіздігі үшін референдум өткізетін кез емес

Мэй болашақта референдум өткізу жайлы нақты айтпады.
Бұл аптада Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен шотландтықтардың көпшілігі «брекситке» қарсы дауыс бергендіктен және олардың Еуроодақта қалғысы келетіндіктерінен өңірлік парламенттен тәуелсіздік туралы екінші референдум өткізуге рұқсат сұрайтынын хабарлады.
Алайда Мэй Британия мен ЕО болашақ қарым-қатынасы анықталмай тұрып, халықта шешім қабылдауға қажетті ақпарат болмай тұрып, дауыс беруді жүргізу әділетсіздік екенін мәлімдеді.
Шотландия істері бойынша миинстр Дэвид Мандел «Твиттерге» «Брекситтен» бұрын референдум өткізудің әділетсіз екенін және оған ешкімнің келіспейтінін жазды.
Мэйдің айтуынша, оның назары ЕО-дан шығу туралы келіссөздер кезінде Британия үшін мейлінше тиімді мәмілені іздеуге бағытталып отыр.
"Тәуелсіздік туралы референдумды талқылау Шотландия бойынша үздік келісімді және Британия үшін тиімді келісімді бекітуді қиындата түседі», - деді ол.
«Менің ойым анық - қазір референдумды ойлайтын уақыт емес», - деп толықтырды өз сөзін.
Сонымен бірге, премьер-министр елдің бөлінбеуін, керісінше бірігіп жұмыс істеу керектігін баса айтты.