Терезеден балаларын лақтырып жіберген алматылық әйелді сот мәжбүрлі емделуге жолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көпқабатты үйдің бесінші қабатынан балаларын лақытырып жіберген Ж.Құлмамыроваға қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Еске сала кетейік, Ж.Құлмамырова осы жылғы 5 қыркүйекте есінен айырылған жағдайда жалдап отырған бесінші қабаттағы пәтерінің балконынан өзінің кішкентай балаларын лақтырып жіберген. Кіші қызы ауыр дене жарақатын алып, тірі қалды. Үлкен қызы құлаған жерінде жан тапсырды. Бұдан кейін Ж.Құлмамырованың өзі де терезеден секірді, бірақ та тірі қалған.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 3-бөлімі 24-бабында, 2-ші бөлімінің 99-бабындағы 3-ші, 5-ші және 14-ші тармақтарында (екі және одан да көп кәмелетке толмаған адамдарды көрінеу қасақана өлтуіруге оқталу), 2-бөлімінің 99-бабының 1-ші, 3-ші, 14-ші тармақтарында (көрінеу дәрменсіз жағдайдағы екі және одан да көп адамдарды және көрінеу кәмелекетке толмағандарды қасақана өлтіру) көзделген қылмыстар жасауға айыпталып, сот алдында жауап берді.
Сот алдындағы тергеу барысында сот-психологиялық сараптама өткізілді, ол Ж.Құлмамырова қылмыс жасаған сәтте жүйкесі жұқарып, есуастық жағдайға түскені туралы қорытынды берді.
Сот қаулысымен Ж.Құлмамырова қатаң бақылаумен жүйке аурулары стационарына мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.