«Терезеден жарық түспейді»: Жаңаөзен тұрғындары үйіне жапсарлас салынған ғимараттан зардап шегіп отыр

АҚТАУ. KAZINFORM - Жаңаөзенде «Самал» шағын ауданындағы 21-үйдің жанына жапсарлас 21 А тұрғын үйі салынған. 21-үйдің тұрғындарының айтуынша, екі үйдің арасы – 90 сантиметр. Соның кесінінен, үшінші қабатқа дейінгі пәтерлерге мүлдем жарық түспейді.

жарық
Фото: Тұрғындардан

Тұрғындар сотқа арызданған. Соған сәйкес Жаңаөзен қалалық сотының судьясы құзырлы мемлекеттік орган өкілдерімен тұрғындарды жинап, кездесу өткізді.

Тұрғындардың сөзінше, құрылыс мекемесінің өкілдері әу баста үйлердің арасы 3 метр болатынын айтқан. Алайда бір-біріне тақап салып тастапты. 

жарық
Фото: Тұрғындардан

«Үйлеріміздің іші қараңғы, күн сәулесі түспейді. 3 метр қыламыз деп алдап кетті. Енді қайда барсаң, онда бар деп отыр», - дейді «Самал» шағын ауданы 21 - үйдің тұрғыны Сембі Көлбаев.

Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Нәсіп Дәрғұлованың пікірінше, құрылысқа қатысты заң бұзушылықтар бар. 

жарық
Фото: Тұрғындардан

«Мен бұл саланың маманы емеспін. Сол үшін мамандарды қатыстырып отырмын. Бірақ менің ойымша, бұл жерде заңбұзушылық бар. Қазір көңілге түйгенімізді сот отырысында қарайтын боламыз», - деді судья.

Жаңадан бой көтерген 21 А тұрғын үйдің орнында бұрын автотұрақ болған. Құрылыс мекемесі шағын аумаққа бірден 3 тұрғын үй салып тастаған.