Тергеу изоляторларында дауыс беру қалай өтеді
СҚО бойынша ҚАЖД № 66 мекемесінде, яғни Петропавлдағы тергеу изоляторында да сайлау өтті. Бұл жерде № 656 сайлау учаскесі орналасқан.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу изоляторында қазір 255 адам отыр, олардың 176-сына қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Егер сот үкімі заңды күшіне енбеген болса, сотталушының дауыс беруге құқы бар. Таңғы сағат 7.00-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы алгоритм бар, яғни камера бойынша сотталғандарды дауыс беруге әкеледі. Сайлау учаскесінде барлық қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ бүгін сайлауға байланысты түскі асқа сотталғандарға мерекелік ас беріледі. Мәзірге бауырсақ, жеміс қосылады», - дейді СҚО ҚАЖД № 66 мекемесі бастығының міндетін атқарушы Еркін Көпжасаров.
Жазасын күткендердің арасында 18 жастағы Даниил Карлюк те бар. Ол алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берді.
«Кіріп, дауысымды бердім. Тез өтті. Ал жалпы жастарға опық жемеу үшін, ертең өкінетіндей әрекетке бармаңдар дегім келеді», - деді Даниил Карлюк.
Жалпы бүгін СҚО-да 655 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, оның 12-сі – жабық сайлау учаскесі, яғни олар тергеу изоляторында және емдеу мекемелерінде орналасқан.