Тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар жеткілікті - Б. Бекназаров

Бұл туралы бүгін Астанада «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.
«Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасына сәйкес, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізуге судьялардың әлеуеті толық жетеді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген 1 мың 995 судьяның 1 мың 570-і, яғни 75 пайызы сот істерін мемлекеттік тілде қарай алады»,-деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Республика судьяларының арасында қазақ тілін білмейтіндер 213 адам ғана екен.
«Демек, халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса, немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар баршылық және жеткілікті»,-деді ол.
Сонымен қарап отырсақ, бүгінде халықтың 65 пайызы, судьялардың 75 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. «Ал іс жүзінде қазақ тілінде қаралатын сот істерінің саны 25 пайыздан аспайды»,-деді Б. Бекназаров.