Тергеуші Жанабыловқа қатысты жала жабу бабы бойынша шағымдануы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Жанабыловтар ісі бойынша сот процесі жалғасып, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушісі болып тағайындалған Абзал Әлімхановтан жауап алу жалғасты. Сот барысында тергеуші Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты жала жабу бабымен шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеді.

Тергеуші Жанабыловқа қатысты жала жабу бабы бойынша шағымдануы мүмкін
Фото: Kazinform; Freepik, @zhanabylov_e

— Ерболат Жанабыловтың тергеу тарапынан қысым көрсетілді деген мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейді. Мұндай жағдайлар болған жоқ. Аталған уәждер ойдан шығарылған. Осыған байланысты, құрметті сот, мен Ерболат Жанабыловқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 411-бабы (алдын ала тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға қатысты жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғау туралы құқық қорғау органына жүгіну құқығымды қалдырамын, — деді тергеуші сотта.

Айта кетейік, прокурор блогер Жанабылов пен әйелін 4 жылға соттауды сұрады.