Тергеуші судьялар тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тергеу мен прокуратураның заңсыз әрекеттеріне төтеп беретін жүйе өз тиімділігін көрсете бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тергеуші судьялар тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болды

Өткен бір жылдың ішінде тергеуші судьялардың қарауына 60 мыңнан астам материал түсті. "Сондай-ақ аталған судьялар тергеуге дейінгі, тергеу кезіндегі және прокуратураның жұмысына қатысты арыз-шағымдарды зерделеп шықты. Соның төрттен бір бөлігі расталды. Ал қылмыстық жазалау органдарының әрекеттері заңсыз деп танылды. Осылайша, сотқа дейінгі кезеңде біраз адамдардың құқықтары қорғалды. Бүгінде ел азаматтарының осы тергеуші судьялардың қызметіне жиі жүгінетіндерін ерекше атап өткен жөн. Демек, аталған институт өз тиімділігін көрсетті", - дейді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан соттарында қаралған қылмыстық істердің саны артты. Дегенмен, бүгінде екі жақ ымыраға келіп, қылмыс жасағандарды жиі босата бастады. Былтыр сотттарға түскен 16 529 қылмыстық іс тоқтатылып, 18 854 адам жазадан құтылды. "Олардың барлығы зардап шеккен жақпен ымыраға келіп, шығынды толығымен өтеді. Сөйтіп, ақтау үкімдерінің саны 19,2 пайызға артып отыр. Осының өзі сот төрелігін жүзеге асыру барысында адамды қамауға алу шараларының азайып келе жатқанын көрсетсе керек", - дейді Раxметуллин.  Ал жемқорлар айыппұлдың басым бөлігін бюджетке төлеп үлгерді .