Теріс әрекеті үшін лауазымынан босаған Конституциялық Сот судьялары зейнетақы жарнасын қайтарады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Теріс әрекеті үшін қызметінен босатылған Конституциялық Соттың судьяларынан жұмыс істеген аралығында аударылған зейнетақы жарналары қайтарылады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қоса беріліп отырған судья теріс себептер бойынша лауазымынан босатылған жағдайда ҚР Конституциялық Сотының судьялары, судьялар үшін қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын алып қою және бюджетке аудару қағидалары бекітілсін», - делінген Үкімет басшысы қол қойған қаулыда.

Қолданысқа енгізілетін заң талабына сай, зейнетақы аударымдарын кері қайтару ісімен сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айналысады. Ол судьяны теріс әрекеті үшін жұмыстан босату туралы Президент Жарлығы немесе Парламенті Сенатының қаулысы шыққанан кейін 5 жұмыс күні ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы БЖЗҚ-ға өтініш жолдайды. Оның ішінде тиісті шара қолданылып отырған адам туралы деректер мен шоттан қайтарылуы тиіс зейнетақы жарнасының сомасы көрсетіледі.

«Электрондық өтінім ақпаратты жеткізудің автоматтандырылған қаржылық жүйесі арқылы Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жіберіледі. БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациядан міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын алып қоюға арналған электрондық өтінімді алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация өтінімінің нөмірі мен күнін көрсете отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын аударуды жүзеге асырады», - делінген жаңа ережеде.

Бұл талаптар 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар