Терме бәйгесінің бас жүлдесі - автокөлік

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешіті  терме бәйгесін жариялады.

Терме бәйгесінің бас жүлдесі - автокөлік

Бәйгенің шарттары: бәйге терменің жаңадан жазылған мәтініне жарияланады. Жүлделер мәтіннің мағыналық тереңдігіне сай беріледі. Мәтіннің ойы терең, сөзі өткір, терме табиғатына сай болуы ләзім. Таза діни сарында болуы шарт емес. Себебі, терме ұлттық, рухани және діни бағытта. Терменің мақамы мен жеткізе орындау шеберлігі де ескеріледі. Терме мәтінін жазған адам оның мақамын шығартып, дауысы келісті адамға орындатуына да болады. Орындаусыз жіберілген терме мәтінінің құр өзі қабылданбайды. Бәйгеге ұсынылатын шығармалар қарашаның 20-сына дейін жіберілуі керек. Әділ қазылар алқасының есімі бармақ басты, көз қысты, бұра тарту болмас үшін жарияланбады.

Бәйгеге қатысушылар үшін ұсынылатын тақырыптар: «Отанды сүю - иманнан», «Мен - Қазақпын, мұсылманмын әлімсақтан», «Аманат болып жеткен Жер», «Мұхаммед - адамзаттың ардақтысы», «Қазақтың қазақтығы тілінде тұр», «Дәстүрі өлген ұлттар жоғалады»,  «Ғылымға мойныңды бұр, иманды ұрпақ», «Әлемді селт еткізген ерлер өткен», «Өсиет айттым ұрпаққа», «Азаттығы үшін елімнің, жан менен бас садаға»,  «Насихат айттым келінге», «Ата-анаңды қадірле тірісінде», «Не жақсы? Не жаман?», «Жақсы адамның мінезі көркем болар».

Бас жүлдеге шетелдік автокөлік тігіледі. Ал бірінші орынға 1 миллион 500 мың теңге беріледі. Екінші орынға ие болғандарды да ренжітпейтін жүлде бар. Яғни, 750 мың теңгеден екі адамға беріледі. Ал үшінші орынға ие болған үш адамға 500 мың теңгеден бұйырады. Бұдан басқа ынталандыру сыйлықтары да бар. Ол - кіші қажылық, бес адамға.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу салтанатында: «Әзірет Сұлтан» мешіті тек қана құлшылық орны емес, бас мешіт ірі рухани және мәдени-ағарту орталығы болуы тиіс», - деуі арқылы Президентіміз дініміздің алдағы жұмысы осы бағытта дамуы қажет екенін меңзеді. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мешіті ұлтымыздың рухани тәрбие құралы, қазақы пәлсапа мен данышпандықтың көзі, ұлттық өнеріміз - термеге бәйге жариялап отыр», - деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы. Оның айтуынша, қазақ халқы Ислам дінін әрқашан өзінің өнерімен сабақтастырып, дәстүрімен ұштастыра білген халық. Ұрпағына, бала-шағасына насихатты мақал-мәтел, жыр-дастан, хикаялармен және термелермен жеткізе білген. Қазаққа жай сөзден гөрі жыр-термелер қымбат. Себебі, қазақтың жыр-термелерінің барлығы - үгіт-насихат. Міне, осы дүниелерді ескерген мешіт осындау ауқымды шараны қолға алуға бел буып отыр.