Терминалдан ақша ұрлаған экс-әкім орынбасарының ұлына үкім шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Орал қаласы сотының үкімімен ірі көлемде қаржы жымқырған Дмитрий Зайкин, Игорь Дремасов және Антон Емельянов айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Терминалдан ақша ұрлаған экс-әкім орынбасарының ұлына үкім шықты

Қалалық соттан түскен мәліметке қарағанда, аталған үшеу өткен жылғы 15 желтоқсанда Орал қаласында және биылғы 24 ақпанда Қостанайға қарасты Затобольск кентінде «Каспий Банк» АҚ-ға қарасты терминалдардан 8 млн 292 мың теңге қаржы ұрлаған.

Сот барысында Орал қаласы прокуроры мен сотталушылар арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды. Жәбірленуші тарап - «Каспий Банк» АҚ өкілі материалдық шығын толық өтелгендіктен, процессуалдық келісімге келісті.

Орал қаласы соты А.Емельяновты, И.Дремасовты, Д.Зайкинді ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағына сәйкес айыпты деп танып, 63-бапты қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде есептеу туралы үкім етті.

Айта кетейік, И.Дремасов - Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Владимир Дремасовтың ұлы.