Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесі берілуі керек - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесі берілуі керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті,

Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесі берілуі керек - Мәжіліс Төрағасы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзінің баяндамасында Мәжіліс Төрағасы тілге қатысты құжаттарда қамтылған талаптардың көп жағдайда орындалмайтынын, соның салдарынан аса зәру мәселелер шешімін таппай, проблемаға айналатынына кеңінен тоқталды. Бұған қатысты нақты да қарапайым мысалдарын алға тартты. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оның міндеттерінің бірі ретінде «Мемлекеттік терминологиялық комиссияның мәртебесін арттыру, оның ережесін, міндеттерін, құрылымын қайта қарау» көрсетілген. Алайда, бұл талап орындалмады. Терминология мен термин мәселесін тап қазіргі кезеңде қаншалықты маңызға ие болып отырғаны баршаңызға белгілі. Сондықтан Елбасының Жарлығымен бекітілген осы мәселе алдағы уақытта міндетті түрде шешімін табуға тиіс», деді О. Мұхамеджанов.

Сонымен қатар, сөз арасында Мәжіліс спикері терминология саласын ең күрделі және проблемасы көп сала екендігін айтып, бұл бағыттағы кемшіліктерге де мысал келтірді. Жаппай тәржімалау мен өз алдына термин жасаушылықтан туатын келеңсіздіктерді алға тартты.

«Бұл мәселеде тәртіп болмаса, қалың жұртшылықты былай қойғанда, термин жасаушы мамандарымыздың өзі көп ұзамай әбден шатасатын, ал уақыт өте келе оны ретке келтіру өте қиынға соғатыны қазірдің өзінде сезіледі. Бұдан шығатын қорытынды Терминкомға мемлекеттік орган мәртебесін беру керек. Қазір Терминком шешімдерінің міндетті күші жоқ, сондықтан ол бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болады. Терминкомды мемлекеттік орган ретінде қайта құрудың мүмкіндігі болмаса, оның шешімдеріне Үкімет қаулысымен міндетті күш беру керек», деді О. Мұхамеджанов.

Сонымен қатар, Төраға терминологиялық электрондық қор жасау мәселесінің де шешім таппай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлі күнге бұндай қордың болмауы салдарынан бір терминнің алты ретке дейін қабылданған кезі де болыпты. Сондықтан да спикер Терминкомның терминдер мен атаулар мәселесін мықтап қолға алуға тиістігіне ерекше тоқталып өтті. «Қоғам өмірінің экономика, ғылым-білім, мәдениет пен өнер сияқты секторлары өз кезегінде сала-салаға тарамдалып кететіні белгілі. Міне, осы салалардың әрқайсысында басшылыққа алынатын бір ғана сөздік болуға тиіс. Оған сол салада шығып үлгерген барлық сөздіктердегі қамтылған және жұртшылық қабылдаған сөздер екшеліп алынуы керек. Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе - мен ресми тіл, заң терминдері жөнінде айтып тұрмын. Ал жалпы қазақтың тіліне мұндай талап қоя алмайтынымыз белгілі. Бір ұғымды бірнеше синониммен айтуға болатын қазақ тілінің мүмкіндігін мұндай талаппен тұсаулап тастауға, әрине, болмайды», деді О. Мұхамеджанов.