Терминологияны біріздендіру шаралары: лингвист ғалымдар терминжасамға қатысты ұсыныстарын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Қазақ терминжасамының негізгі әдіс-тәсілдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда зерттеушілер тілдік мәселелерді талқылады.
Жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы терминжасам үдерісінде түбі бір халықтардың тілін алшақтатпай, өзара ұқсастықты, тарихи сабақтастықты сақтаған жөн екенін мәлімдеді.
– Егер түрлі саяси-экономикалық өзгерістер барысында ерекшеліктер көбейіп, тілдер арасындағы өзгешеліктер ұлғая бастаса, оған жол бермей, тіларалық байланыстарды күшейтуге бағытталған саяси-мәдени, ғылыми-экономикалық қатынастарды нығайтуға әр халық, әр мемлекет мүдделі болуға тиіс, – деді ол Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған конференцияда.
Ғалымның сөзінше, қазақ, түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, татар, башқұрт немесе өзге де түрік тілдеріндегі терминдер ортақ болса, халықтар арасын жақындатады және ғылыми байланысты күшейтеді.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Мәселен, әзербайжан, қазақ, түрік, өзбек, татар, қырғыз ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеу жұмысын атауға болады. Оның мақсаты - түркі тілдерінің терминжасам жүйесін зерделеу. Зерттеу нәтижесі ретінде «Түркі тілдерінің терминжасамы» (2018) атты ұжымдық монография жарық көрді. Сонымен қатар, жуырда Түркі академиясы ғылымның 8 саласы (қорғаныс, медицина, тіл білімі, экономика және т.б.) бойынша түркі тілдерінің салыстырмалы терминологиялық сөздіктерін шығарды. Шерубай Құрманбайұлының ойынша, осындай зерттеулер мен қолданбалық сипаттағы жұмыстарды жүргізу үздіксіз жалғаса беруі тиіс.
Одан бөлек, түркі тілдерін, терминқорын салыстыра зерттейтін ғылыми кадрлар даярлау да аса маңызды. Ондай мамандар тіларалық байланыстарды нығайтып, терминологияны біріздендіруге кәсіби деңгейде септігін тигізетіні анық.
– Тіл білімі терминдерінің әр тілде әркелкі болуы лингвистердің кәсіби қарым-қатынасын жақсартып, сала мамандарының өзара түсінісу мүмкіндігін арттыруға қызмет етеді дей алмасақ керек. Мұны тіл ғалымдарының өзара келісілген, бірлескен істерінің нәтижесі деуге де келмейді. Алдағы уақытта осындай айырмашылықтарды азайтып, ортақ терминдер санын арттыра беру үшін түрік тілдерінің терминологиясын тіларалық біріздендіру ісін жолға қою үшін тұрақты түрде жұмыс істейтін арнайы құрылымдар, халықаралық мәртебеге ие зерттеу ұжымдары болуы шарт. Ондай құрылымдарсыз, кәсіби мамандарсыз мәселе шешімін таппайды, – деді ғалым.
Сонымен қатар, ол жуырда TurTerKom құрылғанын атап өтті. Комиссия құрамына түркі тілдес елдердің лингвист ғалымдары бірлесіп, жұмысты бастап, жобаны кәсіби деңгейде атқарса, оң нәтиже шығуы мүмкін. Онда туыстас халықтардың тілдерін жақындату, ғылыми байланысты күшейту, өзара бірлікті нығайту тәрізді әсері болуы ықтимал.
– Бұл істі ұйымдастыруда Түркі мемлекеттері ұйымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, – деп түйіндеді Шерубай Құрманбайұлы.
Терминжасам саласындағы жетістіктер
Конференцияда «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақ терминжасамдағы бүгінгі жетістіктер жөнінде мәлімдеді.
Оның дерегінше, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 1971–2019 жылдары бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу барысында ұлттық тілдегі терминдердің үлесі 50,6% болғаны анықталды. Ал қазір бұл көрсеткіш - 52,3%. Демек, жаңа ғылыми ұғымдарға атау беру кезінде қазақ тілінің ішкі лексикалық және сөзжасамдық қорына басымдық беру қағидаты ілгерілеген. Сондай-ақ, бұл - терминжасам үдерісінің айтарлықтай нәтижеге жеткенінің көрінісі.
Ал 2022–2024 жылдарда жаратылыстану-математика және техника бағыттары бойынша терминдерді бекіту жұмыстары атқарылды. Аталған кезеңде математика (алгебра, геометрия), физика, химия, цифрлық сауаттылық (мектеп оқулықтары бойынша), биология (ботаника), жасанды интеллект, медицина және т.б. салалардың терминдері бекітілген.
Терминжасам үдерісінде лексика-семантикалық (конверсиялық), морфологиялық, синтаксистік (аналитикалық), калькалау т.б. тәсілдер қолданылған.
– Әр саланың терминдерін алдымен кәсіби мамандар, сала бойынша іс жүргізу мамандары, саланың ғылыми ортасы пайдаланады. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қуаты жаңа терминдердің санымен ғана емес, олардың ғылымда, білім беруде, өндірісте және күнделікті кәсіби коммуникацияда орнығуымен өлшенеді, – деді Бақытгүл Ысқақ.
Демек, жаңа терминдердің жасалуы, бекітілуі ғана емес, олардың жаппай қолданысқа енуі де аса маңызды. Өкінішке қарай, екінші аталған мәселе бүгінгі тіл үдерісінде ақсап тұрғанға ұқсайды. Бұл түйткілді шешу үшін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері бірнеше ұсынысын айтып, сөзін тамамдады:
· Термин бекіту мен қолданыстың арақатынасын үйлестіру жолын қарастыру;
· Шамадан тыс аудармашылықтың орнына кірме терминдерді қазақ тілі табиғатына бейімдеуді жүйелеу;
· Оқулық, сөздік және өндірістік қолданыстың алшақтығын азайту алгоритмін әзірлеу;
· Терминдердің категориялық, грамматикалық байланысының қалыпты модельдерін дайындау.
Ғалымның пікірінше, осы жұмыстар жүзеге асса, бекітілген терминдер де кең қолданысқа енбек.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды дамытуда түркітанудың маңызы туралы айтылды.