Термиялық күйік: Алматыда аяқ-қолы тырысып қалған балаларға ота жасалды

Ота
Фото: №2 ҚБКА

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында ауыр күйігі мен тыртығы бар балаларға ота жасалды. 

Қолдың термиялық күйігін алған 4 жасар Серік Мүслімнің бас бармағы тырысып қалған. Салдарынан алақанын толық аша алмайды.

Күйік
Фото: №2 ҚБКА
Күйік
Фото: №2 ҚБКА

Шеберлік дәрісі аясында кішкентай науқасқа отаны аяқ-қол микрохирургиясы бойынша әлемдік деңгейдегі маман, мәскеулік дәрігер Игорь Голубев пен № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері жасады.

«Ауыр күйік салдарын жою үшін балаға бірнеше жыл бұрын ота жасалған болатын. Енді қанмен қамтамасыз етілген тінді аяқтағы күретамырға трансплантациялау қажет болды. Біз сол операцияны жасадық. Ота сәтті өтті. Қолдағы кемістік жойылды, — дейді № 2 ҚБКА травматолог-дәрігері Ұлжан Солтанбекова.

Тағы бір кішкентай науқас — Айғаным Нұрбекқызы. Оның аяқ-қолы қайнаған суға күйіп қалған. Кейін жаралар толық жазылмай, бақайының бүгілуіне кедергі келтіретін тыртық пайда болған.

ота
Фото: №2 ҚБКА

 

«Отадан соң қыздың оң тізесінің буыны бүгілетін болды. Қазір Айғаным қозғала алады, отадан кейінгі қалпына келу ем-шарасын қабылдап жатыр», — дейді дәрігерлер.

Жалпы шеберлік дәрісі аясында төрт балаға операция жасалды.

күйік
Фото: №2 ҚБКА
күйік
Фото: №2 ҚБКА

«Бұл жолы емделуі өте қиын және дененің басқа жерінен тіндерді енгізуді қажет ететін күйік салдарын жоюмен айналыстық. Атап айтқанда, кеше біз ыстық пешті қолымен ұстап алып, барлық саусағы бырысып күйіп қалған балаға ота жасадық. Біз барлық клиникада кездеспейтін эксклюзивті технология қолданамыз. Балалармен және сезімтал тіндермен жұмыс жасауда әр миллиметр маңызды рөл атқарады, біздегі барлық клиникалық жағдайдың сирек кездесетінін ескерсек, әрбір ота өзінше ерекше», — деді Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінің травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубев.

Қазір ота жасалған барлық баланың жағдайы жақсы. 

Дәрігерлер 7-10 күн бойы стационар жағдайында бақылап, кейін оларды біртіндеп ауруханадан шығаратынын айтты.

Соңғы жаңалықтар