Терренкурдағы заңсыз құрылысқа жоспардан тыс тексеру жүргізіледі - Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігі Рубинштейн көшесі, 38/1 мекенжайында жалпы ауданы 30 сотық жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы нысаналы мақсатымен 2000 жылы жеке меншікке берілгенін хабарлады.
«Өткен жылы 29 маусымда азаматтық-құқықтық мәміле негізінде жер учаскесін Н.А. Тулаева және М.Б. Машкалов сатып алды. 2022 жылғы желтоқсанда жер учаскесінің алаңы 10 және 20 сотық болып екі тәуелсіз жер учаскесі болып сегменттелген, яғни, бөлінген», - деп хабарлады әкімдік.
Ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес, 10 сотық жер учаскесі үй құрылысы аймағында, 20 сотық учаске коммерциялық және тұрғын үй объектілерін салуға тыйым салынған су қорғау белдеуінде орналасқан.
Айта кетейік, Терренкур бойындағы су қорғау белдеуі су жиегінің екі жағында 35 метрді құрайды.
3 сәуір күні қала құрылысын бақылау басқармасының инспекторы жалпы алаңы 10 сотық учаскедегі барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын (қолданыстағы құрылысты бөлшектеу) тоқтатты.
Меншік иесінің бөлшектеу жұмыстары объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге шешім берілмей тұрып басталған болатын.
Қазіргі уақытта меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру басталғалы отыр, оның нәтижесі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және жіберілген бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріле отырып, ҚР ӘҚБтК 316-бабы 1-бөлігі «жобалау құжаттамасынсыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделi жөндеу)» бойынша әкімшілік шара қабылданады.
«Заңсыз басталған құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты Алматы әкімдігі құрылысқа жобалау алдындағы құжаттаманың берілмеуі мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан басқа, ойын алаңын сақтау және Терренкур бойындағы жаңа құрылысты болдырмау мақсатында сатып алу жолымен алаңы 20 сотық аралас жер учаскесін мемлекетке қайтару мәселесі шешілуде. Бұл жер учаскесін мемлекетке қайтару мәселесі 7 сәуірде Алматы қаласы жер комиссиясының таяудағы отырысында қаралады», - деп мәлімдеді әкімдік.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар Терренкурда жүріп жатқан құрылысқа наразылық білдірген болатын.