Террористік белсенді аймақтардан оралған азаматтардың 97 пайызы радикалды көзқарасынан бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Террористік белсенді аймақтардан оралған азаматтардың 97 пайызы радикалды көзқарасынан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде азаматтардың ар-ождан бостандығы құқығын қамтамасыз етуіне, әрбір адам өз дінін еркін меңгеріп, пайдалана алуына жағдай жасалған. Дегенмен, халық арасында ұлттық бірегейлік, толеранттылық пен зайырлылық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған ағартушылық қызметті мақсатты топтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - деп атап өтеді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Мысалы, ведомство дерегінше, министрлік 2019 жылы террористік белсенді аймақтардан оралған (кәмелет жасына толған) азаматтарды теологиялық-психологиялық оңалту бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін жалпы үйлестіруді және әдіснамалық сүйемелдеуді жүргізеді.
«Осылайша, министрлік, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ дін мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында қазіргі таңда террористік белсенді аймақтардан оралған азаматтардың 97 пайызы (188-дің 182-і) радикалды көзқарасынан бас тартты», - деп нақтылайды министрліктен.