Терроризм деп танылған ұйымның мүлкі жедел түрде мемлекет меншігіне өтетін болады - Прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Терроризм деп танылған ұйымның мүлкі жедел түрде мемлекет меншігіне өтетін болады - Прокуратура

Аталған заң жобасы қолданыстағы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталады. Бұл ретте құжат арқылы жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қорғалуын жаңа сападағы деңгейге көтеру көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасы экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуін, басып шығарылуын және таратылуын болдырмауға бағытталған нормаларды жетілдіруге бағытталады.

«Қолданыстағы заң бойынша ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану үдерісі тым ұзақ уақыт алады. Мәселен, прокурор ең алдымен сотқа арыз жіберуге тиіс, сот оны бір ай шамасында қарайды, қаралғаннан кейін шешім шығару үшін сотқа бес күн беріледі. Бұдан соң үкім күшіне енуі үшін тағы 15 күн керек. Барлығына - кемінде екі ай. Ал тараптардың келіспеуі орын алса, онда бұл мерзім жарты жылға дейін созылып кетуі ықтимал»,- дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов.

Осыған орай, Бас прокуратура аталған мерзімді айтарлықтай қысқартуды ұсынады. «Сот шешімі қабылданғаннан кейін, бұл бірден орындауға жатуы тиіс. Бір сөзбен айтсақ, шешім шығысымен ол екінші сатыда қаралуын күтпей, оны орындау үшін құзыретті органдарға жіберуге сот міндетті болады. Мұндай тәртіп экстремистік, террористік ұйымдардың қызметін тез арада, жедел түрде тоқтатуға мүмкіндік береді», - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бөлек, террористік ұйымдар үгіт-насихаты БАҚ, соның ішінде интернет арқылы белсенді жүргізілетіні белгілі. Осыған орай, заң жобасында әлгіндей ақпараттар террористік деп танылса, онда құзырлы орган ондай басылымдарды бірден жауып, қолжетімділікті жоятын болады.

«Қазіргі қолданыстағы заңда ұйым экстремистік деп танылса да оның мүлкін мемлекет меншігіне ала алмайды. Мұндай механизм болмаған соң заңсыз деп танылған ұйымдар атауларын өзгертіп, әрекетін одан әрі жалғастыруы мүмкін. Мәселен, 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында бір қоғамдық бірлестік экстремистік деп танылды. Бұл ұйымның 12 облыста 100-ден астам үйлері, ғимараттары болған. Осы мүліктің барлығын дер кезінде мемлекеттің меншігіне ала алмадық. Өйткені, бұған заңымыз мүмкіндік бермеді. Сондықтан да, жаңа заң жобасында террористік немесе экстремистік деп танылған ұйымның мүлкі жедел түрде мемлекет пайдасына алынатын болады», - деді Ж. Асанов. Оның айтуынша, аталған норма әлгіндей теріс пиғылды ұйымдардың қайта жандануына тосқауыл болмақ.