Терроризм қатеріне байланысты әуежай қызметінің міндеті заң жүзінде бекітіледі - А. Рау

АСТАНА. ҚазАқпарат - Терроризм қатеріне байланысты әуежай қызметінің міндеті заң жүзінде бекітіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.
None
None

Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өткен болатын.

«Египет пен Белгиядағы террористік актілерден кейін әлемде азаматтық авиация саласындағы аса өзекті мәселе - террористік қауіп-қатерлерден қорғау. Осыған байланысты заң жобасымен әуежайлар қызметінің міндеттері бекітіледі, террористік қауіп күшейген жағдайда жолаушылар терминалына кіреберісінде тексерулер енгізу көзделеді. Бұған қатысты еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің арнайы шешімі бар», - деді Рау.

Оның айтуынша, авиациялық қауіпсіздік жүйесі бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның өкілеттігі кеңейтіледі. Атап айтқанда, қызметтік сынақтар, әуежайлар қызметінің персоналын аттестаттау шаралары қамтылып отыр.

«Тұтастай алғанда әуежай қызметінің жолаушыларға қызмет көрсету мен әуе кемелеріне жердегі қызметтерді қамтамасыз ету бойынша сапасын жақсарту талап етіледі. Осыған байланысты, әуежайлардағы сапаны бақылау бағдарламасы жүйесі енгізіледі. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әуе кемесі командирінің жауапкершілігі де қарастырылады. Жалпы алғанда заң жобасы арқылы авиация саласын реттеудегі мемлекеттік тиімділік арта түседі деп болжанады. Соның ішінде терроризмге қатысты қауіпсіздік мәселесі күшейтіледі», - деді вице-министр.     

Соңғы жаңалықтар