Терроризм мен экстремизммен күрескеТүркПА да өз үлесін қосуы керек - Мәжіліс Төрағасы
Сөз басында ТүркПА қызметіне тоқталған Мәжіліс спикері, Ассамблеяның төрт тұрақты комиссия аясында ауқымды шаралар атқарып отырғанын алға тартты. Сонымен қатар, спикер Ассамблеяның әрбір комиссиясының құрылымдарын белсендіру қажеттігін де көтерді.
«Әсіресе, біз комиссияның жұмыс мазмұнын өзектендіріп, толықтыруды және бірқатар бағыттар бойынша бірлескен іс-шараларды жоспарлауды ұсынамыз. Соның ішінде, бүгінгі таңда халықаралық терроризм және радикалды экстремизм жаһандық күн тәртібінің негізгі мәселесіне айналып отыр. Таяу Шығыстағы, Еуропа мен Оңтүстік Азиядағы соңғы оқиғалар бүгінгі таңда ешбір мемлекеттің жаһандық қауіпсіздік қатерінен жеке-дара қорғана алмайтынын көрсетті», - деді Қ.Жақыпов.
Бұл ретте Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланған халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру туралы идеясына тоқтала келе, ондай бастама күн өткен сайын өзекті бола түскенін атап өтті.
«Осыған орай, ТүркПА құқықтық мәселелер және халықаралық істер комиссиясы қызметінің аясында халықаралық терроризммен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі дөңгелек үстел ұйымдастырудыұсынамыз. Бұл мәселені талқылау үшін парламентшілер, халықаралық сарапшылар, дін қайраткерлерінің басын қосу керек. Осылайша, ТүркПА парламентшілері ретінде біз жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес үшін өз үлесімізді қоса алар едік», - деді Қ. Жақыпов.