Терроризм туралы жалған хабар берген адамды бір тәулікте анықтай аламыз – елорда полициясы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада терроризм туралы жалған қоңыраулар жиілеген. Биыл 102 арнасына 7 қоңырау түскен. Бұл туралы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Данияр Шымырқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Терроризм туралы жалған хабар берген адамды бір тәулікте анықтай аламыз – елорда полициясы

Басқарма басшысының айтуынша, қылмыстың бұл түрі көптеген мемлекеттік органдардың жұмысына және адамдар көп жиналатын жерлерде қиындықтар туғызатын орташа ауыр қылмыс санатына жатады.

«Көп жағдайда терроризм актісі туралы мұндай хабарламалар расталмайды. Негізінен мұндай қоңыраулар жасөспірімдерден, мас күйдегі азаматтардан келеді. Соңғы уақытта ұйымдардың атына электронды пошта арқылы хабарламалар түсетін жағдайлар жиілеген. Мысалы, жақында Binom мектебінде Д. есімді жасөспірім сабаққа қатыспау үшін мектептің электронды поштасына бомба туралы хат жіберген», - деді спикер полиция департаментінде өткен брифингте.

Кейбір азаматтар саналы түрде кез келген ұйымның қызметіне кедергі жасау үшін осындай хабарламалар немесе қоңыраулар жібереді.

«Полицияға мұндай хабарламаларды анықтау қиын емес, алайда оны жіберген адам жауапқа тартылады. Бір тәулікте олардың аты-жөнін заманауи технологиялардың көмегімен анықтаймыз. 2022 жылы 102 арнаға 157 қоңырау түсті. Оның ішінде 15 қоңырау бойынша қылмыстық іс тіркелді, барлық азаматтың аты-жөні бір тәулік ішінде анықталды. 2023 жылы 7 қоңырау келіп түсті, әлі қылмыстық істер тіркелмеген», - деп толықтырды Данияр Шымырқұлов.