Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған құжат Кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалау есебіндегі Қазақстанға қатысты ескертулерді жүзеге асыруды көздейді. Бұдан бөлек, заң жобасы халықаралық стандарттарды енгізу және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру қарастырылады.
Бұл ретте құжат бойынша қаржы мониторингілеріне жататын субъектілер тізбесі кеңейтіледі. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сәйкес, Қазақстан қаржылық қызмет көрсететін барлық тұлғаларды қаржылық мониторингімен қамтуы керек. Осыған байланысты қаржы мониторингі жасалатын тізімге бірқатар субъектілер енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, біріншіден, лизинг беруші ретінде лизингтік қызметті лицензиялаусыз жүзеге асыратын тұлғалар, ломбардтар, қымбат бағалы металдар мен тастар және олардан әзірленген зергерлік бұйымдармен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға мониторинг жасалады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату кезіндегі делдалдық қызмет көрсететін тұлғалар, төлем қабылдау жөніндегі операторлар да бақылауға жатады. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар көлеңкелі экономиканың көлемін кемітуге, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жолын кесуге, сонымен бірге Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.