Терроризмге қарсы іс-қимыл заң жобасы Мәжілісте әлі де пысықталады - Жанат Жарасов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Терроризмге қарсы іс-қимыл заң жобасы Мәжілісте әлі де пысықталады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанат Жарасов мәлім етті.
«Бұл нормалардың (жеке тұлғалардың тіркелу тәртібін бұғаны үшін жауапкершілікті күшейту) енгізілуі қоғам тарабынан алаңдаушылық туындатқаны өте дұрыс деп есептеймін. Бұл Парламенттің барлық тараптарды мүлтіксіз тыңдауы, тыңғылықты қарастыруы, содан кейін барып бұл заң жобасына ең лайықты, тиімді тетіктерді енгізуі десек те болатын шығар. Жалпы, тіркеу мәселесі 1993 жылдан бері заңнамада бар. Ең бастысы көзделіп отырған нормалар Мәжіліс қабырғасында пысықтауға жатады», - деді Ж.Жарасов.
Оның атап өтуінше, ең бастысы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға қатысы бар заңнаманың барлық нормалары шын мәнінде оны жүзеге асыру үшін тиімді әрі нақты болуы қажет. Сол кезде ғана елдің де, азаматтардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Ж.Жарасов қару-жарақты сақтау және сату тәртібін қатаңдатуға бағытталған өзгертулерге де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бұл нормалар қоғам қауіпсіздігін қамтамамасыз етуді көздейді.
«Лаңкестерге азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымы ережесінің қандай да бір осал тұсын пайдалануына жол бермеу қажет», - деді мәжілісмен.