Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы Парламенттің келісім комиссиясында талқыланады
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдап, оның құрамына палата депутаттарын сайлады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы бұрын террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімдерін қолдануға тыйым салу, экстремистік немесе террористік ұйымның өз атауын өзгерту фактісін соттың анықтау тетігін бекіту шараларын қарастырады. Сонымен бірге құжатта БАҚ-тарда терроризмге қарсы операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтерді таратуды шектеуге, лаңкестікке қарсы операцияның құқықтық тәртібін реттеуді жетілдіруге бағытталған әрекеттер көзделеді. Бұдан басқа, жобада қамтылған өзгертулердің бір парасы әлі болмаған террористік қауіптердің алдын алуға қатысты болып табылады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы іс жүргізу шеңберінде соттың осындай ұйымдардың атауларын өзгерту фактісін анықтау тәртібін қарастыру шараларын ұсынған болатын. Бұдан басқа, Сенат терроризмге қарсы операцияға қатысатын адамдардың мүмкіндіктерін негізсіз тарылтуды болдырмау мақсатында азаматтардың тұрғын үй-жайларына террористердің ізіне түскен кезде ғана кіруге болады деген қағиданы алып тастауды ұсынған еді. Сондай-ақ жүргізілген іс-қимылдардың заңдылығын тексеру үшін тұрғын үйге кіру фактілері туралы хабарламаны 24 сағат ішінде прокурорға жіберу туралы норма толықтырылған болатын.
Мәжіліс бірқатар түзетулер бойынша өз ұстанымдарын қорғап келісім комиссиясын құруды алға тартқан еді. Осыған орай, комиссия құрамына палата атынан депутат Серік Ақылбай, Нұрлығайым Жолдасбаева, Бауыржан Мұхамеджановтар сайланды.