Терроризмге қатысы бар, қоршаған ортаға орны толмас залал келтірген заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту барысында оларды бірден тарату ұсынылады - А. Лукин

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Терроризмге қатысы бар, қоршаған ортаға орны толмас залал келтірген заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту барысында оларды бірден тарату ұсынылады.

Терроризмге қатысы бар, қоршаған ортаға орны толмас залал келтірген заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту барысында оларды бірден тарату ұсынылады -  А. Лукин

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин осылай мәлім етті.

«Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі ең алдымен террористік қылмыстар үшін қолданылады. Бұл ретте әңгіме терроризмді қаржыландыратын кәсіпорындар, заңды тұлғалар туралы болып отыр. Әлемде орын алып отырған ғаламдық қауіп-қатерлерді ескере келе, жеке тұлғаларға ғана террористік әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырып қана қоюға болмайды. Өйткені, қаржыландырылмаса терроризмнің әрекеті де жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан да, біздің міндетіміз ең алдымен терроризм сипатындағы қылмыстардың жолын кесу»,- дейді А. Лукин. Бұл ретте агенттік өкілі заң жобасы бойынша терроризмді қаржыландыруға қатысы бар заңды тұлғаға ең жоғары үкім шығарылып, ондай кәсіпорынды бірден тарату көзделетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, экология саласындағы қылмысы үшін де заңды тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Оның ішінде қоршаған ортаға орны толмас шығын жасаған кәсіпорындарға да тарату туралы үкім ұсынылып отыр. «Ал заңды тұлғалардың экономикалық қылмыстарын қамтитын мәселеге келетін болсақ, бұлардың негізгі бөлігі «жалған кәсіпорындарға» қатысты болып табылады», - деді А. Лукин.