Террорлық акті туралы жалған ақпарат таратқан астаналық жарты жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада дайындалып жатқан террористік акті туралы көрінеу жалған хабар берген адам 6 айға сотталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасынан хабарланды.

Террорлық акті туралы жалған ақпарат таратқан астаналық жарты жылға сотталды

«2014 жылдың қаңтар айында азамат Көшекбаев өзінің ұялы телефонынан 102 нөміріне қоңырау шалып, Астана қаласындағы «Сарыарқа» базарында бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Бұл ретте оператордың көрінеу жалған хабарлау үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертуіне ол «базарда бомба бар» деп нақтылаған. Кейіннен оның хабары жалған болып, Астана қаласы ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік департаменті жалпы сомасы 25 524 теңгені құрайтын материалдық шығын шекті», - делінген хабарламада.

Осыған орай, жақында Астана қаласы № 2 Сарыарқа ауданының соты Е.С.Көшекбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 242 бабымен кінәлі деп тауып, дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін оны 6 айға бас бостандығынан айырды.