Tesla Education-ге алданған ата-аналардың мәселесі Мәжілісте көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев жеке меншік репетиторлық орталықтардың жұмысын қатаңдатуды ұсынды. 

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

— Балалары курстарға барған және сол курстардан ақшасын қайтара алмай алданып қалған азаматтардың шағымы себеп болып отыр. Емтихан, ҰБТ сияқты сынақтарға әлеуметтік жағдайы жететін оқушылар жаппай қосымша курстар арқылы дайындалады. Емтихан сұрақтарын дайындайтын азаматтар мектептегі білім бағдарламасын білмегендіктен, басқа сұрақ дайындай ма? Әлде білім бағдарламасының олқы тұстары бар ма?

Курс орталықтарына алданып жатқан азаматтар бар. Соның бірі — Tesla Education деген орталық, Ондағы жүйесіз жұмыстың кесірінен 3 мыңға жуық азамат алданып, 1 млрд теңгеден астам қаражатын қайтара алмай жүргенін айтып дабыл қағып жатыр. Осындай жеке меншік курс орталықтарының жұмысын жүйелеу үшін рұқсат беру тетіктерін қатаңдатасыздар ма, — деп сұрады Нартай Сәрсенғалиев.

Министр жеке меншік курс пен ата-ана арасындағы қаржылық дау азаматтық қарым-қатынас сипатындағы мәселе екенін атап өтті.

— Иә, Tesla Education-ге байланысты мәселе қазіргі таңда өзекті. Мұндай қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы Кәсіпкерлік кодексінің аясында реттеледі. Оған Оқу-ағарту министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің ешқандай қатысы жоқ. Бұл ата-аналар мен жеке меншік репетиторлық орталықтар арасындағы азаматтық құқық қатынастар арқылы реттеледі. Бірақ мәселе оқушылармен тікелей байланысты болғандықтан, ата-аналардың жан айқайын естігендіктен Білім туралы заңға, Кәсіпкерлік кодексіне алаяқтықтықты болдырмауға байланысты заң нормаларын қатаңдату бағытында жұмысты бастадық, — деді ол.

Министр репетиторлық орталықтың көмегіне жүгіну азаматтардың конституциялық құқығы екенін еске салды.

— Бізде Ұлттық білім беру деректер қоры бар. Осы ақпарат жүйесі арқылы қосымша білім беру курстарына баратын балаларды, оның ішінде жеке меншік орталықтарға баратын балаларды бақылау тетігін енгізіп жатырмыз. Бұл азаматтардың өзінің құқығы. Біз оларға репетиторлық орталыққа барма деп шектей алмаймыз. Репетиторлық орталыққа бару — азаматтың конституциялық құқығы. Десе де, мектептегі білім сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыс бастадық. Оның ішінде қай сыныпта, қай пәнде, қай тақырыпта балалар қиналып жүргенін анықтап, мұғалімдердің жұмысында қандай ақаулар бар, соның бәрін сараптауды бастап кеттік, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұған дейін Астана полициясы «Tesla Education» орталығына қатысты арыздарды қарауға кіріскенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар