Tesla Германияда ұшқышсыз такси өндірісіне 3 млрд еуро инвестиция салады

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық Tesla компаниясы Германияның Грюнхайде қаласындағы зауытын кеңейтуге 3 млрд еуро инвестициялауды жоспарлап отыр. Жаңа өндірістік қуаттар Cybercab ұшқышсыз таксилерін шығаруға арналмақ, деп хабарлайды BILD басылымы.

Автомобиль
Фото: BILD

Автокөлік өндірушісінің жоспарына сәйкес, Бранденбург федералдық жерінде қосымша өндірістік корпус құрылысы 2027 жылдың бірінші жартысында басталады. Ал ұшқышсыз көліктерді шығару 2029 жылы іске қосылуы мүмкін.

Кейін кәсіпорын жылына 1 миллионға дейін роботакси өндіре алады. Инвестициялық жоба қосалқы нысандар салуды және қосымша тазарту құрылыстарын тұрғызуды да қамтиды.

Өндірісті кеңейтуге дайындық аясында Tesla бірнеше жүз маманды жұмысқа қабылдауды бастады. Компанияның мәліметінше, соңғы айларда зауыт қызметкерлерінің қатарына тағы 2 мың адам қосылған. Қазанда кәсіпорында шамамен 12 600 адам жұмыс істеген.

Бұған дейін электромобильдерге сұраныстың төмендеуіне байланысты Tesla Германиядағы кәсіпорнын дамытуды кейінге қалдырған еді. Енді компания көлік өндірісін аптасына 7 500 бірлікке дейін арттырып, аккумулятор элементтерін шығару қуатын кеңейтуді көздеп отыр.

Айта кетейік, Tesla 2027 жылы Cybertruck өндірісін тоқтататынын мәлімдеді.