12:41, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тест нәтижесінде есірткі пайдаланған 150 мектеп оқушысы анықталды ? Астана ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Арнайы тестік тексеру нәтижесінде есірткі пайдаланған 150 мектеп оқушысы анықталған.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, өткен жылы ұйымдастырылған аталған тестік тексеруден 7 мың бала өткен. «Соның нәтижесінде есірткі пайдаланған 150 мектеп оқушысы анықталып отыр. Олар нашақорлар санатына кірмейді, бірақ есірткі заттарын пайдаланған кездері болған. Қазіргі кезде анықталған мектеп оқушыларының бәрі тіркеуге алынып, олармен нарколог-дәрігерлер арнайы жұмыстар жүргізуде», - дейді А.Байділдаев. Айта кетейік, жаңадан қабылданған «Астана ? есірткісіз қала» бағдарламасы аясында орта білім беру ошақтарының шәкірттерін тестік тексерістен өткізу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру жоспарлануда.