Тестілеу орталығы түлектер оқығысы келетін танымал бағыттарды атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық тестілеу орталығы мемлекеттік грантқа өтінім берген түлектер арасындағы ең танымал бағыттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тестілеу орталығы түлектер оқығысы келетін танымал бағыттарды атады

«Әзірге білім беру бағдарламалары арасында түлектердің басым көпшілігі ақпараттық технологияларға өтінім берген. Әзірге 7 мыңға жуық абитуриент өтінім берді. Одан бөлек, үздік бестікке «жалпы медицина», «Шет тілі оқытушыларын даярлау», «Дене тәрбиесі оқытушылары», «Құрылыс» салалары енді», - деді ҚР Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов орталықта өткен баспасөз турында.

Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру грантына өтінім беру 20 маусымда сағат 18:00-де аяқталады. Содан кейін көшбасшы салалар бойынша нақты нәтиже белгілі болады.

«Әдетте көбірек сұранысқа ие болатын құқық, халықаралық құқық, кеден ісі мамандықтары биыл 14-орынға түсті.Бұл мамандықтарға биыл мыңнан астам адам ғана құжат тапсырды. Әзірге 58 мыңға жуық адам мемлекеттік грантқа құжат тапсырды», - деді Дидар Смағұлов.

Айта кетейік, бұған дейін Тестілеу орталығы журналистерге ҰБТ сұрақтарының қалай әзірленетінін көрсеткен еді.