Тейлор Свифт сайлауда Камала Харриске дауыс беретінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық әнші Тейлор Свифт қараша айында өтетін президент сайлауында Камала Харристі қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды ВВС.
Ол бұл туралы Харрис пен республикалық партия үміткері Дональд Трамп арасындағы дебат аяқталған соң айтты.
«2024 жылғы президент сайлауында даусымды Камала Харрис пен Тим Уолзке беремін… Егер бізді хаос емес, тыныштық басқарса, бұл елде әлдеқайда көп нәрсе жасай аламыз деп ойлаймын», — деп жазды ол Instagram-да Харристі дарынды көшбасшы деп атап.
Ол өзінің көпшілік алдында сөйлеу шешіміне Дональд Трамп жариялаған жасанды интеллект фотосуреттері әсер еткенін айтты. Онда Свифтің республикашылдар кандидатын қолдайтыны көрсетіліп тұр.
«Бұл жасанды интеллект жасаған жалған ақпараттың таралу қаупін арттырды. Осыдан кейін сайлауға қатысты нақты жоспарым мен таңдауымды ашық айтуым керек деген шешімге келдім», — деп жазды ол.