Тежегіш пен газды шатастырып алған жүргізуші жол апатына себепші болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда KIA маркілі көлігін басқарып келе жатқан әйел жүргізуші жол апатына себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.

Тежегіш пен газды шатастырып алған жүргізуші жол апатына себепші болды

Жол-көлік оқиғасы Момышұлы мен Шаляпина көшелерінің қиылысында болды. Әйел адам басқарып келе жатқан KIA маркілі көлігі оңтүстікке қарай бағыт алып бара жатып, Шаляпина көшесінің бойында оңға қарай бұрылмақ болған.

Жүргізуші әйелдің сөзінше, ол тежегіш пен газды шатастырып алып, жолдың қарсы жолағына шығып кеткен, нәтижесінде BMW маркілі көлігімен соқтығысқан.

Жол апатының салдарынан соқтығысып қалған екі көлікте отырған 4 адам зардап шекті. Жедел жәрдем қызметі келген соң KIA көлігінде отырған ер адам мен әйел ауруханаға барудан бас тартты. BMW көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханаға жеткізілді.