TIFA елдері сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге келісті

TIFA елдері
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM - 13 маусымда Астанада Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда және инвестиция бойынша негіздемелік келісімінің (TIFA) 15-ші кеңесі өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қатысушы алты елдің – Қазақстан, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан өкілдері TIFA аясында сауда және инвестициялық қатынастарды кеңейту және әртараптандыру перспективаларын талқылады.

Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.

Вице-премьер жаһандық экономикалық тұрақсыздық, санкциялар, сауда қарама-қайшылықтары және жаһандық жеткізу тізбектеріндегі іркілістер жағдайында бүгінгі TIFA отырысы «сағаттарды салыстыру» және экономикалық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша алдағы басымдықтарды белгілеу үшін практикалық платформа қызметін атқаратынын атап өтті.

«Өңірдің ең ірі экономикасының бірі және ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстан TIFA платформасының екіжақты ғана емес, сонымен қатар өңірлік сауда қатынастарын нығайтудағы жоғары әлеуетін көріп отырмыз. Биыл TIFA Орталық Азия аймақтық кеңесінің отырысын өткізу – өңірлік ынтымақтастық пен тұрақтылықтың үдемелі дамуының тағы бір дәлелі, бұл – Батыс пен Шығыстың жаһандық нарықтарын біріктіру арқылы әлемдік экономиканы тұрақтандыруда маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

АҚШ-тың сауда өкілі, елші Кэтрин Тай өз кезегінде TIFA елдері экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін күш-жігерді бірге үйлестіру қажеттігін атап өтті.

«Орталық Азия АҚШ үшін өте маңызды экономикалық және стратегиялық серіктес болып қала береді. Біз сондай-ақ климаттың өзгеруін, технологиялық және индустриялық прогрестің салдарымен бетпе-бет келіп отырмыз. Тұрақтылығы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ететін дәстүрлі жеткізу тізбегін дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеу керек. АҚШ сондай-ақ тауар айналымының сапасын арттыруға, автомобильдер мен жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті маңызды металдарды жеткізуге мүдделі», — деп атап өтті Кэтрин Тай.

TIFA кеңесінің қатысушылары жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыру және экономиканы әртараптандыру үшін қажетті жаңа сауда жолдарын әзірлеу мәселелерін талқылады.

Соңғы жаңалықтар