«Тиімділік беретін нәрселерді істеуге тиіспіз» - күнделікті қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Тамыздың 14-і.ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 14-і,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тиімділік беретін нәрселерді істеуге тиіспіз» - күнделікті қазақ басылымдарына шолу

  ***

  «Тиімділік беретін нәрселерді істеуге тиіспіз». «Егемен Қазақстан» газеті Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен республикалық бюджет мәселелеріне арналған кеңестен хабар береді.

«Кеңесте 2010-2012 жылдарға арналған бюджеттің негізгі өлшемдері талқыланды. Премьер-министр сондай-ақ Үкіметтің ағымдағы қызметі туралы есеп берді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» Президенттің баспасөз қызметіне сілтей отырып.

***

Осы тақырыпты бүгінгі нөмірінде «Айқын» газеті де бетке ұстап, «Мемлекеттің барлық шығындарына тағы түзету енгізіледі» деген атпен берілген мақалада аталған кеңесте талқыланған жайттарға кеңінен тоқталған.

«Елбасы шығындарды қысқарту жалғасатынын ашық жеткізді, - деп жазған тілші:  «Біз бюджетті Ұлттық қордың, алтын-валюта резервтерінің сақталуы тұрғысынан егжей-тегжейлі қарастырамыз. Осыған байланысты мемлекеттің барлық шығындарына тағы түзету енгізуге тиіспіз.  Біз тиімділік беретін қажет нәрселерге ғана қаржы салуымыз қажет. Ал басқа қалған мәселелерді, турасын айтқанда, жақсы кездерге дейін кейінге қалдыруға тиіспіз», - деген Елбасының кеңесте сөйлеген сөзін келтіреді.

  

***

 «Елбасының биылғы Жолдауында коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру мен жаңғырту жөнінде Үкміет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойылды. Тұрғын-үй коммунадық шаруашылық жүйесі, әсіресе, халық тығыз қоныстанған өңірлерде  жаңа өрісін табуға тиіс.  Шындығын айтқанда, бүгінгі күні мұнсыз аудан, облыс орталықтары мен қалалардың толыққанды өмірін қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы істі ретке келтірудің жолдары қандай?» 

«Егемен Қазақстан» газетінде «Коммуналдық қызметтің жаңа өрісі» тақырыбымен берілген сұхбатта осы сауалдың төңірегіндегі мәселелерді Бөрілі ауданының әкімі Болат Шәкімов егжей-тегжейлі баяндаған.

Бүгінгі нөмірден «Егемен» оқырмандары сондай-ақ өзіндік үні мен өрнегі бар, беделді авторлардың бірі, жазушы Георгий Дмитриевич Гачевтің шығармашылығымен таныса алады. Газет  «Ой керуені» тақырыбымен аталған жазушының 1999 жылы Мәскеуде шыққан «Национальные образы мира. Евразия-космос кочевника, земледельцы и горцы» кітабынан ықшамдалып аударылған ой - толғамдарын береді.

***

«Оңтүстікте төтенше жағдай жарияланды».  Осы тақырыппен «Айқын» газеті Оңтүстік Қазақстан облысында  тағы екі адам «конго-қырым геморагиялық безгегіне  шалдыққан» деген диагнозбен ауруханаға түскенін жазады. Басылымның хабарлауынша, «ауылдық жерлерде ветеринарлар аула-ауланы аралап, үй жануарларына дезинфекция жасауда. Індетке қарсы  алдын алу шараларын жүргізетін арнайы штабтар құрылып, төтенше жағдай жарияланды». 

«Айқын» газетінің денсаулық ісіне қатысты тағы бір материалы  «Денсаулық сақтау саласында реформа басталды!»  деген атпен жарияланған.

Осыдан екі апта бұрын ...., «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау  жүйесінің  іс-шаралар жоспары туралы» қаулы қабылданған еді. Бұл құжат денсаулық сақтау саласында басталатын жаңа реформаны заңдастырды. Ол салаға түбегейлі өзгерістер әкеліп, Кеңес өкіметінен бері мызғымай  тұрған бұрынғы жүйені  ысырып шығарғалы отыр. Сол Үкімет отырысында жаңа жүйе арқасында жекеменшік емханалар да мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізетіндігі туралы айтылған», - деп жазады газет.