Тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекетке қайтару үдерісін оңайлату керек - С. Ахметов

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекетке қайтару үдерісін оңайлату керек. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР бірінші вице-премьері Серік Ахметов мәлім етті.

Тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекетке қайтару үдерісін оңайлату керек - С. Ахметов

«Елбасы жақында солтүстік өңір басшыларымен өткен кеңесте жерді түгендеуге қатысты мәселелерге тағы да баса назар аударды. Әрине, бұл бағытта кестеге сай жұмыс жүруде. Жеке тұрғын үй құрылысын салуға берілген жерлерді түгендеу аяқталды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің біразы биыл жүзеге асады және оның барысы туралы аралық ақпарат Мемлекет басшысына ұсынылатын болады», - деді бірінші вице-премьер.

Сонымен қатар, жерді түгендеу барысында туындаған проблемаларға тоқталған Серік Ахметов, ең алдымен тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтару барысында бюрократтық кедергілер тап болатынын атап өтті.

«Жерді алып қою үшін алдымен ол туралы ескерту жасауымыз керек, ал ескерту жасағаннан кейін оны тіркеуіміз керек, ол тіркелгеннен соң оны бір жыл тосуымыз керек. Ал бұдан соң сотқа шағымдану құқығын иеленуге де біршама үдерістер кетіп, соның өзі жылдарға созылады», - деді ол.

Бұл ретте жерді түгендеу шарасы оны тиімді пайдалануға біршама септігін тигізгенін айтқан С. Ахметов, «тиімді пайдаланылмай отырған жалға алушылардан жерді алып қою үдерісін оңайлату қажеттігін» айтты. «Алдағы уақытта жеке тұрғын үй құрылысын салуға қатысты жер беруде де қатаң талаптар қойылуы шарт. Елбасы Бурабайдағы кездесуде бұл жайында да айтты. Жергілікті атқарушы органдар 10 сотық жерді тегін үлестіріп бергенімен, олар кейбір жағдайда нарыққа қайта саудаға  түсіп жатыр. Сондықтан, бұған ерекше көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы да жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған жерлерді тиімді пайдалануға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді С. Ахметов.