TikTok-тағы балағат сөз: Шымкентте төрт блогер қамауға алынды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқан төрт блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

TikTok-тағы балағат сөз: Шымкентте төрт блогер қамауға алынды
Фото: видеодан алынған скрин

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Тікелей эфирге қатысушылар қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөздер айтқан. Кейін олардың Шымкенттегі жалдамалы пәтерде болғаны нақтыланды.

Құқық бұзушылық жасағандардың қатарында желіде «Белый тигр» лақап атымен белгілі 31 жастағы түркістандық Бексұлтан Аппаз, «Сампо» лақап атымен танылған 22 жастағы қызылордалық Самат Әмір, 25 жастағы маңғыстаулық Нұргазы Жолдас және 26 жастағы түркістандық Ерасыл Жұмағұл бар.

— Төртеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Бексұлтан Аппаз 17 тәулікке, Самат Әмір 5 тәулікке, Нұргазы Жолдас 7 тәулікке, ал Ерасыл Жұмағұл 5 тәулікке қамауға алынды, — делінген ведомство хабарламасында.

Полиция қаралым мен аудитория жинау мақсатында заңға қайшы әрекеттерді көпшілік алдында жасау жауапкершіліктен босатпайтынын, мұндай әрбір фактіге құқықтық баға берілетінін ескертті.

Бұған дейін Қызылордада TikTok-та тараған видеода мысыққа қатыгездік көрсеткен ер адамның жазаланғанын хабарлаған едік.