Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағандыда TikTok-тағы әрекеті үшін 56 жастағы стример 10 тәулікке қамалды

АСТАНА. KAZINFORM — TikTok-тағы контенті үшін қарағандылық стример жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

тикток
Фото: pixabay

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісінде 56 жастағы стримердің қоғамда теріс пікір қалыптастыратын және заң талаптарына қайшы әрекеттерін анықтады.

Қарағанды қаласының тұрғыны Еркен Жантыкпаев TikTok әлеуметтік желісіндегі белсенділігімен танымал. Ол әйелдер киімін киіп, құқыққа қайшы мазмұндағы бейнематериалдар жариялаған. Аталған дерек бойынша полиция тарапынан тиісті шаралар қабылданды.

Сот қаулысымен азаматқа 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, ресми ескерту жасалды. Полиция қызметкерлері азаматтың әрекеті заң талаптары мен қоғамдық тәртіпке қайшы келетінін атап өтті. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады. 

— Қазір Еркен Жантыкпаев әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жойған. Сонымен қатар полиция тарапынан оған қатысты бақылау жалғасып жатыр. Ескерту талаптарын қайта бұзған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес неғұрлым қатаң жауапкершілік қарастырылуы мүмкін, — дейді тәртіп сақшылары.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке қайшы және құқыққа сыйымсыз контент таратпауға шақырады.

Бұдан бұрын TikTok-тағы әрекеті үшін қазақстандық стример психикалық денсаулық орталығына жатқызылғаны белгілі болды.