Тіл комитеті қоғамдық кеңес алдында жыл сайын есеп беретін болады

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті қоғамдық кеңес алдында жыл сайын есеп беретін болады.

Тіл комитеті қоғамдық кеңес алдында жыл сайын есеп беретін болады

Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында жауапты хатшы Жанна Құрманғалиева осылай мәлім етті.

«Келесі жылдан бастап Тіл комитеті Мәдениет министрлігінің бастамасымен құрылатын қоғамдық кеңес алдында есеп беретін болады. Қаржылық жыл бойынша бюджеттен жұмсалатын әрбір тиынға дейін есебін жасайды. Салық төлеушілердің қаржысының игерілуі, оның тиімділігі, келер пайдасы - бәрі сараланады. Жобалардан қоғамның көріп отырған нәтижесі де жүйеленеді», - деді жауапты хатшы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Мәдениет министрлігі 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес құруға бастамашылық жасады. Аталған кеңес ең алдымен тіл мәселесіндегі диалогтық алаң ретінде қалыптасатын болады. Қоғамдық кеңеске мүше болу барынша ашық. Бұл ретте til@ok.kz пошта жәшігіне кез-келген азамат, кез-келген ұйым өздерінің қоғамдық кеңес жұмысына қатысу ниеттерін жолдай алады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес тіл заңнамасын жетілдіруге және тіл төңірегіндегі барлық бағыттарды дамытуға байланысты ұсынымдар әзірлейтін болады.