Тіл комитеті көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізеді

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Аақнбай/ - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, ел ішінен талапты әрі талантты жастарды іздеп табу мақсатында көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізеді,

Тіл комитеті көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын өткізеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқау 2 кезеңнен тұрады: облыстық іріктеу байқаулары - әр облыс орталығында, Астана, Алматы қалаларында, ал республикалық байқау - Қазақстан Республикасы халқының тіл фестивалі аясында Астана қаласында өтеді. Атап өтерлігі, байқауға 15 пен 30 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады. Кәсіби өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орындарының студенттері байқауға жіберілмейді.

 Тіл комитетінің мәліметінше, байқауға қатысушылар 3 тапсырма орындауы тиіс: бірінші - прозалық шығармадан үзінді оқу; екінші - драмалық шығармадан үзінді оқу; үшінші - поэзиялық шығарма немесе поэзиялық шығармадан үзінді оқу.

Байқау шарттары мынадай: оқылатын мәтін көлемі 5-6 минуттан аспауы керек; дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады; талапкер сарапқа ұсынуға таңдап алынған мәтіндерді жатқа білулері қажет.

«Республикалық байқауға облыстарда, Астана және Алматы қалаларында өткен байқаулардың жеңімпаздары (бір-бірден) қатыстырылады. Оларға жергілікті Тіл басқармалары жолдама береді.
Республикалық байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына және киім сәніне баса назар аударылады», делінген Тіл комитетінің хабарламасында.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бір ескеретін жәйт:   бұрынғы байқаулардың жүлдегерлері биыл өткізілетін республикалық байқауларға жіберілмейді.