Тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы -Мәдениет және ақпарат министрі

АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бұл бағдарламаның бұрынғыдан ерекшелігі, оның мемлекеттік мәртебесі жоғары болмақ. Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Алматыда тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтты,

Тіл мәселесі  ұлт руханиятының алтын қазығы  -Мәдениет және ақпарат министрі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Елбасының тапсырмасы бойынша осыдан тура он жыл бұрын Қазақстандағы тілдерді дамытудың 10 жыл мерзімге арналған бағдарламасы жасалған болатын. Осы бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл ол өзінің мәресіне жетеді. Енді алдағы 10 жылға арналған жаңа бағдарлама жасауға кірісуіміз керек. Бұл бағдарламаның бұрынғыдан ерекшелігі, оның мемлекеттік мәртебесі жоғары болады. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітіледі. Өздеріңіз баспасөзден білетін боларсыздар, кейінгі кезде Президенттің орындалатын-орындалмайтын бағдарламалар санын көбейтпеу жөнінде тапсырмасы бар. Сондықтан мұндай бағдарламалар жасауға шектеу қойылған. Бірақ тіл мәселесі, ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, бұл мәселеге Нұрсұлтан Әбішұлы ерекше маңыз беріп бағдарламаны жасауға тапсырма берді", деді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасы бүкіл елдің тарихына, руханиятына, мәдениетіне қатысты болғандықтан бұл мәселені кең отырып келісіп, бүкіл қоғамдық ұйымдармен, тіл мәселесіне жанашырлық танытқан барша азаматтармен бірлесіп дайындауды тапсырған. Сондықтан бұған тек Үкімет мүшелері ғана емес, Парламенттің қос палатасының тіл саясатында көптен қызмет атқарып жүрген депутаттары мен республикадағы барлық қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысып отыр. Тіпті жеке-дара шығып, қайраткерлік танытып жүрген, ешбір партия мен ұйымға кірмеген азаматтар да ынталы топқа мүше ретінде енген.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына Мәдениет және ақпарат министрі төрағалық етпек. Оған - республикалық "Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов пен Мәдениет және ақпарат министрінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева орынбасар болып отыр.