Тіл мәселесін шешудің басты тетігі әлі күнге іске қосылмай келеді - Қ. Айтаханов
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Тіл мәселесін шешудің басты тетігі әлі күнге іске қосылмай келеді. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.
Сауал барысында сенатор Елбасы Н. Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиістігі туралы міндет қойғанын еске салды. Сонымен қатар, депутат мемлекеттік тілге оқып-үйрену балабақша мен мектептен бастау алатынын, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мәселен, қазіргі таңда мектеп оқушыларының 63 пайыздан астамы қазақ тілінде оқыса, 30-дан астам басқа ұлт өкілдері қазақ сыныптарында оқып жүр. Биылғы оқу жыылнан бастап барлық мектептерге қазақ тілінде жүргізілетін өлкетану, алаштану, абайтану курстары да енгізілген.
«Алайда тіл мәселесін шешудің басты тетігі іске қосылмай келеді. Бұл - мемлекеттік тілге деген қажеттілік. Бүгінде Үкіметтен бастап, билік тізгінін ұстап отырған басшылар, мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде мемлекеттік тілін білуі тиіс деген қағиданы басшылыққа алмайтын секілді. Қазақ тілі мемлекеттің мәртебесін алғанымен, мемлекеттік органдардың есігінен сығалап кіре алмай, кірсе де төрге шыға алмай жүр. Мемлекеттік тіл мемлекеттік дәрежеде талап етілмегендіктен, көп азаматтар Қазақстандағы қазақ тілінің болашағына сеніңкіремейді. Сондықтан да оны үйренуге ынталанбайды. Бүгінде қазақ балаларының 37 пайызы орыс мектептерінде оқуы - соның айғағы», - дейді депутат.
Осыны айта келе, сенатор елімізде қазақ мектептер санының жетіспеушілігін алға тартты. Оның айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен 161 бала өзбек тілінде, 101 бала ұйғыр тілінде оқуға мәжбүр. «Өз елінде тұрып, өз ана тілінде оқуға мүмкіндік болмауын қалай түсінуге болады?» - деді Қ. Айтаханов.