Тіл мәселесіне арналған мемлекеттік бағдарламада ұтымды шешімдер мен ұсыныстар қамтылған - А.Айталы
АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тіл мәселесіне арналған мемлекеттік бағдарламада ұтымды шешімдер мен ұсыныстар қамтылған.
Бұл туралы бүгін Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған отырыста белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы айтты.
«Бүгінде еліміздің 63 пайызын құрайтын, енді 10 жылдан кейін 70 пайыздан асатын қазақтарға және басқа елдегі азаматтарға қызмет қай тілде жасалады? Бүгінгі талқылау сол мәселенің алдын алу үшін және қауіп-қатердің алдын алу болып отыр. Егер де бүгінгі жағдай жалғаса берсе, сөз жоқ, бұл басым 70 пайыздан астам қазақ халқының 10 жылдан кейін ашу-ызасын тудырады. Бүгінде де шиеленістер бар», - деді А.Айталы.
«Ал елді белден басып, бүгін мен ертеңге мемлекеттік тілді революциялық жолмен енгіземіз десек, бұл да қауіпті. Бағдарлама осы екі қауіп қатердің ортасынан жол іздеген деп ойдамын және бағдарламаның ұтымды шешімдер мен ұсыныстары бар», - деді ол.
Профессордың сөзіне қарағанда, ұлт қаншалықты ана тілінде сөйлессе, оның болашағы да соншалықты. «Сондықтан бұл құжатта басты мақсат - бұл мектепке дейінгі, мектеп жасындағы, жоғары оқу орындарындағы, сондай-ақ кейінгі білім сатыларына арналған және бұл бағыттарды өте орынды деп санаймын», - деді А.Айталы.
«Енді ересек адамдарға мемлекеттік тілді үйрету ол өте қиын. Сондықтан менің ойымша, бағдарламада мемлекеттік тілді үйретудің педагогикалық, ақпараттық, мәдени негіздері ойластырылып, терең зерделенген деп ойлаймын. Осы тұсқа келгенде мен осыны қолдаймын», - деді ол.
А.Айталының пікірінше, бұл бағдарламаның құқықтық-әлеуметтік тұстарын әлі де пысықтау қажет. Оның айтуынша, бағдарламының бірінші бетіндегі негіздемеге ҚР Конституциясының 33 бабының 4 тармағын енгізу керек.